Қажылық өтеген Орталық Азия елдерінің басшылары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Меккеге қажылық жасау – балиғат жасына жеткен әр мұсылман қауымға парыз екені белгілі.  Қажылық –  дәрежесіне қарамастан Алланың разылығы үшін орындалатын ұлық құлшылық.

 Ендеше, Орта Азия мемлекеттерінің қай басшылары қажылығын өтегеніне тоқталып көрсек.

Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Сауд Арабиясына алғашқы ресми сапары барысында қасындағы делегация мүшелерімен бірге умра – кіші қажылықты өтеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 24 шілде күні ислам қауымының ең киелі жері – Мекке қаласында умра, яғни кіші қажылық жасады. Ол Қағбаның ішіне кірді.  

Алмазбек Атамбаев

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 2014 жылы желтоқсанда Сауд Арабиясына ресми сапары кезінде Меккедегі әл-Харам мешітінде кіші умра қажылығын өтеді. 

Сооронбай Жээнбеков

Қырғызстанның экс-президенті Сооронбай Жээнбеков 2019 жылы желтоқсан айында Сауд Арабиясына сапары кезінде Меккеде кіші қажылық (умра) жасады. 

Эмомали Рахмон

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2016 жылы қаңтарда Сауд Арабиясына сапары кезінде өзінің жұбайы және бірнеше баласымен, сондай-ақ қасындағы делегациясымен бірге Меккеге кіші қажылық өтеуге барды. 

Тәжікстан басшысы екінші Қағба ғимаратының ішіне екінші рет намаз оқу үшін кірді. Алғаш рет ол Қағбаның ішіне 2005 жылы 5 желтоқсанда Сауд Арабиясы патшасының рұқсатымен кірген екен. 

Рахмон Қағбаға кіріп, умраны 1997 жылы және 2001 жылдары Сауд Арабиясына ресми сапарлары кезінде өтегені белгілі болды. Үшінші умраны ел басшысы 2005 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесу үшін барған кезде өтеген. 

Гурбангулы Бердімұхамедов

Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 2016 жылы мамыр айында Сауд Арабиясына ресми сапары кезінде мұсылмандардың киелі қаласы – Мекке қаласына барды. Сапар барысында ол бірнеше министрлермен бірге әл-Харам мешітіндегі қасиетті Қағбада қажылық жасады.  

Одан кейін президент Медина қаласына барып, ол жерде Мұхаммед Мәсжид ән-Нәби пайғамбардың мешітіне арнайы ат басын бұрды.  

Сердар Бердімұхамедов

 Биыл маусым айының басында Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов кіші қажылық – умраны өтеу үшін Сауд Арабиясына арнайы барды. 

 Түркіменстан президенті мен оның жанындағы делегация мүшелері мешітке барып намаз оқып, одан соң умраның тиісті салттарын жасады.

Ислам Каримов

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов посткеңестік көшбасшылардың арасында Меккеге барып, қажылықты бірінші болып өтеді. 

Ислам Каримов 1992 жылғы сәуірде Сауд Арабиясына мемлекеттік сапары кезінде умра қажылықты жасады.  

Сол кездегі патшалықтың королі Фахд бен Абдуләзиз Каримовке Қағбаның қабырғасын жауып тұрған жапқыш – кисуаның бір бөлшегін сыйға тартты. Кисуада алтын жіптермен «Әл Имран» сүресінің 97-ші аяты тігілген екен. Оны Ислам Каримов имам әл-Бұхари кешенінің мұражайына сый ретінде өткізді.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы