"Қазгидрометтің" ескірген жабдықтары апаттық болжамдардың дәлдігіне қауіп төндіріп отыр – депутат
Соңғы жылдары Қазақстанда ірі өрттер мен су тасқындары жиілеп, айтарлықтай материалдық шығын келтіріп, республикалық бюджетке қосымша салмақ түсіріп отыр. Осындай жағдайда уақтылы әрі нақты метеорологиялық ақпараттың маңызы арта түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Ернұр Айткеновтің айтуынша, стратегиялық маңызы бар "Қазгидромет" мекемесі күрделі мәселелерге тап болған.
Бүгінде "Қазгидромет" ескірген техникамен жұмыс істеп отыр: жабдықтың 70%-ы ауыстыруды қажет етеді. Қолданыстағы 377 гидрологиялық посттың орнына кемінде 800 болуы керек. Мамандардың еңбекақысы — небәрі 120 мың теңге. Мұндай жалақымен кадр ұстап қалу мүмкін емес. Стратегиялық маңызы бар ұйым неге жеткілікті қаржыландырылмай отыр? 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте бұл проблемалар ескерілді ме? Заманауи метеорологиялық қызметсіз нақты болжам беру де, халықты апат алдында дер кезінде хабардар ету де мүмкін емес, – деді сенатор.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл мәселелерді шешу үшін алдағы үш жылдық бюджетте тиісті қаражат қарастырылғанын мәлімдеді. Жыл сайын бөлінетін 20 млрд теңгенің шамамен 30%-ы материалдық-техникалық базаға жұмсалады, осылайша үш жылда бұл сома 18 млрд теңгеге жуықтайды.
Сонымен қатар, республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен жалпы құны 1,109 млрд теңгені құрайтын 22 жаңа гидропост салу жоспарланған. Алайда бұл қаржы бүкіл метеостанциялар мен гидробекеттер желісін толық жаңартуға жеткіліксіз.
Осыған байланысты "Қазгидрометті" дамытуға арналған құны 38 млрд теңге болатын бөлек бағдарлама әзірленді. Оның жүзеге асуы бес жылға созылады. Бес жылдың ішінде 114 метеостанцияны, 106 гидробекетті және шамамен 60 агрометеостанцияны толық жаңғыртамыз. Нәтижесінде Қазақстан аумағын 100% мониторингпен қамтимыз. Бағдарлама жабдықтарды жаңартуға, жұмыстың тиімділігін арттыруға және мамандарды ұстап қалуға бағытталған. Бұл "Қазгидрометке" өзіне жүктелген стратегиялық міндеттерді толық орындауға және Париж келісімі бойынша Қазақстанның экологиялық міндеттемелерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр.