"Қазгидромет" Солтүстік Қазақстандағы су тасқынына болжам жасады
"Қазгидромет" СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны кезіне болжам жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Үкіметтің телеграм-арнасында жарияланды.
СҚО бойынша 19 гидрологиялық бекет ғылыми бақылау түрлерін жүргізді. Жалпы гидрологиялық жағдай мынадай: шағын өзендерде, яғни Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады. Яғни шарықтау шегі өтті деп айта аламыз, - деп атап өтті Қымбат Мерғалимова.
Сонымен қатар ол Тоқсан би су бекетіне тоқталды.
Тоқсан би су бекетінде де шамалы төмендеу бар. Ал бүгін Сергеевка су қоймасында 418 см-ден асқаны байқалады. Алдын ала болжам бойынша 400-430 см болатын. Алдағы тәуліктерде бірінші толқынның шарықтауы болады деп күтілуде. Бұл су Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары және Петропавл қаласы арқылы өтеді. Қазіргі уақытта аталған аудандар мен Петропавл қаласы бойынша бірінші толқынның қауіпті белгілері мен уақыты анықталды.Есіл ауданында 14 сәуірде шарықтау шегі күтіледі. Қызылжарда 21 сәуірде және Петропавлда Сергеевка су қоймасынан су 12-14 сәуірде келе бастап, 23 сәуірге дейін жалғасады, - деді "Қазгидромет" СҚОФ басшысы.