Қазгидромет Алматы, Талдықорған және Атырау тұрғындарына ескерту жасады
Ауаның ластану деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың өзгеруі.
9 қарашада үш қалада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Мамандар тұрғындарға сыртқа шығу және қозғалыс бағытын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеруге кеңес береді, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, 9 қарашада Алматы, Талдықорған және Атырау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді ауа райы құбылыстарының жиынтығы. Оларға желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия жатады.
Мұндай кезде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.
Ауаның ластану деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың өзгеруі. Атап айтқанда, желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура маңызды рөл атқарады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде мамандар мынадай сақтық шараларын ұсынады:
- Ашық ауада жүру уақытын қысқарту. Әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеген жөн. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
- Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
- Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеу қажет. Дене шынықтыру және спортпен шұғылдануды жабық спорт кешендерінде өткізген дұрыс.