Qazcontent ұжымы жалпы қалалық сенбілікке қатысты
"Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" атты кең ауқымды экологиялық акция аясында елордада жалпы қалалық сенбілік басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елорда әкімдігінің мәлімдеуінше, оған қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафе, мейрамханалар және басқалар), волонтерлер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ ПИК (МИБ) өкілдері және басқа да ұйымдар қатысып жатыр.
Экоакция аясында Астанада қала аумағын санитарлық тазалау, нөсер және арық жүйелерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді жинау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды тазалау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және басқа да шаралар өтуде.
Қала тұрғындары елорданың тазалығы мен тәртібін сақтау ісіне белсенді атсалысып жатыр. Тұрғындар аула болып бірігіп, өз аудандарында тазалық жүргізіп жатыр.
Ұжым болып, дүкеніміздің маңайындағы аумақты тазалауға шықтық: тротуарларды, автотұрақты, гүлзарлар мен көгалдарды қоқыстан, қурағае бұтақтар мен жапырақтардан тазарттық. Мұндай акциялар тек тазалық орнатуға ғана емес, сонымен қатар бизнестің айналасында жайлылықты қалыптастыруға көмектеседі, бұл жерде әрі клиенттерге, әрі қызметкерлерге жағымды болмақ, — деді акция қатысушыларының бірі, дүкен иесі.
Ауқымды тазалық жұмысы аясында елорданың барлық алты ауданында ағаш отырғызылды.Қала аумағы тазартылып, саябақтар мен гүлзарлар абаттандырылды. Сонымен қатар елорданың 6 ауданында жаңа ағаш көшеттері отырғызылды.
Qazcontent ұжымы да бұл бастамадан қалыс қалмай, қала тұрғындарымен бірге ағаш көшеттерін отырғызып, елорданы көркейтуге өз үлесін қосты.