"Qazcontent" Түркі агенттіктері альянсына төраға болды
Бүгін Астанада түркі ақпарат агенттіктері альянсының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылы құрылған бұл ұйым бүгінде түркі елдерінің жетекші ақпарат құралымдарын біріктіріп отыр. Түркі мемлекеттерінің ақпараттық агенттіктерінің альянсы құрамына Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің ақпараттық агенттіктері кіреді.
Альянс мақсаты – түркі елдері арасындағы ақпараттық серіктестікті күшейту, ортақ жобаларды іске асыру және медиа саласында тәжірибе алмасу.
Агенттік альянсына өткен жылы Түркия мемлекетіндегі Anadolu Ajansı агенттігі төрағалық етсе, биыл «Qazcontent» акционерлік ұйымы ATNA ұйымына төрағалық етуді ресми түрде қабылдады.
Qazcontent үшін бұл – үлкен құрмет әрі Қазақстанның Түркі әлемінің бірыңғай ақпараттық кеңістігін дамытудағы рөлін мойындау. Бұған дейін біз негізінен ұйымдық құрылым мен Альянс инфрақұрылымын қалыптастыруға назар аударсақ, енді нақты іс-шараларға көшеміз – тәжірибе, ақпарат және технологиялармен алмасуға бағытталған бірлескен жобалар. Ерекше көңіл жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерге бөлінеді. Бұл бағыттар Түркі елдерінің медиасын жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге көмектеседі, - деді ”Qazcontent” АҚ төрағасы Айна Задабек.
Жиында Anadolu Ajansı агенттігінің вице-президенті Yusuf Özhan ATNA құрылған сәттен бастап бұл альянс түркі әлемінің ақпарат агенттіктерін біріктіретін және ортақ көзқарас пен мақсаттарды нығайтатын белсенді де тиімді алаңға айналады деген сенім болғанын айтты.
Соңғы екі жыл ішінде «Anadolu Ajansı» ATNA-ның төрағалық ету мерзімінде қызмет атқару құрметіне ие болды. Осы кезеңде мүше агенттіктер арасындағы ынтымақтастық нығайып, журналистика саласындағы өзара байланыстардың айтарлықтай дамығанына куә болдық. Алға қарай көз тастай отырып, біз ATNA-ның одан әрі дамып, жаңа мүшелер мен байқаушыларды біріктіріп, түркі елдерінің медиа қауымдастығын одан сайын жақындастыратынына сенімдіміз,-деді ол.
Отырыста циaрлық медиа саласындағы өзекті мәселелер, ақпарат алмасудың жаңа форматтары мен ортақ контент платформалары талқыланды.
Сонымен қатар, ортақ ақпараттық кеңістік құру, медиа саладағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кейбір түркітілдес елдерде ақпараттың негізгі көздері әлі де шетелдік, көбіне орыс тіліндегі БАҚ болып отыр. Соның нәтижесінде түркі халықтарының ұстанымдары мен мүдделері жаһандық медиакеңістіктің көлеңкесінде қалып жатады. Сондықтан ATNA ұйымының басты міндеттерінің бірі – өңірдің шынайы бейнесін көрсететін, тәуелсіз, беделді және бейтарап медиаортаны қалыптастыруға ықпал етуі маңызды,-деп атап өтті Қырғызстандағы «KABAR» ұлттық ақпарат агенттігінің халықаралық байланыс бөлімінің басшысы Нуржан Касмалиева.
Сондай-ақ, ол түркі тілдерінің алуан түрлілігі ақпарат алмасуда белгілі бір қиындықтар туғызатынын айтты.
ATNA-ның жаңа сайтында жаңалықтарды бірнеше түркі тілінде жариялау аса маңызды. Бұл өзара түсіністік пен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бірыңғай медиалық терминологиялық стандартты әзірлеу қажет деп есептейміз,-деді ол.
Бүгінгі отырыстың басты ерекшелігі жиынға Венгрия Сыртқы істер министрлігінің өкілі бақылаушы ретінде қатысты. Бұл альянстың халықаралық ынтымақтастық аясынын кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Ол өз сөзінде ATNA Бас Ассамблеясына келіп, ынтымақтастық қарым-қатынас жасау Венгрия ақпарат агенттігі үшін зор мүмкіндік екенін айтты.
ATNA мүшелерімен кездесудің өзі – ерекше оқиға. Венгриялық ретінде біздің мәдениетіміз бен тілдеріміздің арасында көптеген ортақ байланыс бар екенін мақтан етемін. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан өзара байланыс пен ынтымақтастықтың нәтижесі. Кез келген елмен жақсы қарым-қатынас орнатуға болады. Ал егер ортақ тарихи және мәдени байланыс болса, қарым-қатынас одан да терең әрі берік орнайды,-деді ол.
Ассамблея соңында қатысушылар ортақ жаңалық алмасу жүйесін жетілдіру және журналистерге арналған бірлескен тренингтер ұйымдастыру жөнінде уағдаласты. Бұл бас қосу — түркі елдерінің ақпарат саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды оқиға болды.