Qazcontent-те PR-мамандарға арналған жасанды интеллект құралдары бойынша тренинг өтті

"Qazcontent" АҚ базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің PR-мамандарына жасанды интеллектті қолдану бойынша практикалық тренинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Күні бойы қатысушылар жасанды интеллекттің мәтіндерді жеңілдетуге, баспасөз релиздерін әзірлеуге және тіпті мультимедиялық контент жасауға қалай көмектесетінін үйренді.

"Qazcontent" алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің PR-мамандары жиналды. Атмосфера іскерлік болғанымен, бейресми сипатта өтті. Оқу бағдарламасы сарапшылармен тікелей қарым-қатынас түрінде жүргізілді.

Қатысушылар алдында BAQ.KZ тілшісі Әнел Өсерхан және e-history.kz тілшісі Ернұр Ізім сөз сөйледі. Олар журналистика мен коммуникацияда заманауи жасанды интеллект құралдарын қолдану тәжірибесімен бөлісті.

Тренинг барысында қатысушылар жасанды интеллект арқылы баспасөз релиздерін жазуды, министр үшін сөз дайындауды және оны түрлі аудиторияға бейімдеуді, фактілерді жинап, анықтамалық құжаттар құрастыруды, сондай-ақ күрделі медициналық мәтіндерді тіпті мектеп оқушыларына түсінікті етіп жеңілдетуді үйренді.

Жеке бір блок ақпараттың шынайылығын тексеруге арналды. Спикерлер жасанды интеллекттің "галлюцинацияларын" нақты фактілерден ажырата білу — мамандар үшін басты дағдылардың бірі екенін атап өтті.

Тренингтің екінші бөлімінде қатысушылар аудио, фото және бейне генерациялау құралдарымен танысты. PR-мамандар ІІ көмегімен мультимедиялық контентті тәжірибе жүзінде жасап көрді.

Қатысушылардың айтуынша, тренинг тек жұмысқа ғана емес, жеке дамуға да пайдалы болды. Көпшілігі жаңа AI-құралдарды ашып, олардың тапсырмаларды жылдам әрі сапалы орындауға көмектесетінін атап өтті.

Бұл тренинг "Qazcontent" АҚ-тың медиакомпетенцияларды дамыту және коммуникация саласына жаңа технологияларды енгізу бағдарламасының бір бөлігі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы