Qazcontent қалай өзгере бастады?
Бүгін елордада Qazcontent АҚ кеңсесінде ашық есік күні өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі мен медиа серіктестер қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Компания өкілдері қонақтарға медиахолдингтің соңғы жылдардағы жетістіктері мен цифрлық медиаресурстарды дамыту жөніндегі жоспарларын таныстырды.
Бүгінде Qazcontent құрамына бес ірі ақпараттық платформа кіреді: Baq.kz, El.kz, Adebiportal.kz, E-history.kz және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми сайты. Бұл порталдар елдегі және әлемдегі басты оқиғалар мен пікірлерді, сондай-ақ Президенттің бастамалары мен реформаларын жедел әрі сапалы таратуға бағытталған.
Кездесу барысында Qazcontent командасы цифрлық медианың дамуына ықпал ететін бірқатар технологиялық жаңалықтарды таныстырды. Атап айтқанда, жасанды интеллект арқылы редакциялық процестерді оңтайландыру мен жеделдету тетіктері енгізілген. Бұл тәсіл ақпарат ағынын өңдеуді жеңілдетіп, креативті мультимедиялық контентті жедел жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Qazcontent ақпарат агенттіктері арасында алғашқылардың бірі болып ИИ-аватар жасап, оны желіге жариялады. Қазір бұл виртуалды жүргізуші күнделікті басты жаңалықтардың қысқаша шолуын ұсынады.
Биыл компания үшін маңызды кезең болды. Жаңа кеңсе open-space форматында ұйымдастырылып, барлық редакция бір ортаға шоғырланды. Бұл өз кезегінде қызметкерлерге жайлы әрі заманауи жұмыс жағдайын қалыптастырды. Жоғары сапалы жабдықтармен жабдықталған жаңа студиялар шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтіп, сапалы медиаконтент өндіруге жол ашты.
Компания кеңсесінде баспасөз конференцияларын, таныстырылымдар мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыруға арналған арнайы алаң да қарастырылған.
Айта кетейік, Qazcontent тұрақты даму қағидаттарына, ресурстарды ұтымды пайдалануға, сондай-ақ ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға айрықша көңіл бөледі. Атап айтқанда, Қазақстан тарихы мен әдебиетіне арналған жобалар, мемлекеттік тілді дәріптейтін контент түрлері іске асырылып келеді.
Qazcontent кәсіби командасы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Эксклюзивті сұхбаттар, терең сараптамалар, оқиға орнынан тікелей репортаждар, инфографика, деректі фильмдер мен өзге де контент түрлері холдингке қарасты сайттарда жарияланады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша компания 100 мыңнан астам жарияланым өндірген.
Шара аясында қатысушылар медиа саласындағы серіктестікті кеңейту және коммуникациялық құралдарды жетілдіру бойынша өзара пікір алмасты.