QAZCONTENT пен АЗЕРТАДЖ жаңалықтар алмасу бағытында ынтымақтастық орнатты
Қазақстан мен Әзербайжанның ақпарат агенттіктері дезинформацияға қарсы күрес және жасанды интеллектіні қолдану бойынша да тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.
Қазақстанның «QAZCONTENT» акционерлік қоғамы мен Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат агенттігі – АЗЕРТАДЖ бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат аясында екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарына тарату үшін орыс тіліндегі жаңалықтармен, фотосуреттермен және бейнематериалдармен ақысыз алмасу көзделген. Сонымен қатар тараптар журналистер, редакторлар мен техникалық мамандар арасында кәсіби тәжірибе алмасып, дезинформацияға қарсы бірлесіп күресуге және жасанды интеллектіні қоса алғанда, жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
Меморандум бірлескен медиажобаларды жүзеге асыруға, онлайн-семинарлар мен фотокөрмелер ұйымдастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанда өтетін іс-шараларды ақпараттық жариялауға өзара қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
АЗЕРТАДЖ – 1920 жылы құрылған Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат агенттігі. Агенттік ел ішіндегі және шетелдегі маңызды оқиғаларды жариялап, бірнеше тілде материалдар таратады. Сондай-ақ фото және бейнематериалдар әзірлейді.
«QAZCONTENT» АҚ – цифрлық медиаконтент пен ақпараттық коммуникациялар саласында жұмыс істейтін қазақстандық компания. Оның құрамына BAQ.KZ, El.kz және басқа да отандық ақпараттық-медиаресурстар кіреді. Бұл жобалар қоғамдық маңызы бар оқиғаларды жариялауға және қазақстандық контентті ілгерілетуге бағытталған.