«QAZCONTENT OPEN 2026» турнирі жоғары деңгейде өтті
Додаға телеарна, баспа, радио және интернет БАҚ өкілдері, блогерлер мен инфлюенсерлер қатысты.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Қазақстан шахмат федерациясы мен «Qazcontent» АҚ бірлесіп ұйымдастырған «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирі өз мәресіне жетті.
Зияткерлік додаға телеарна, баспа, радио және интернет БАҚ өкілдері, блогерлер мен инфлюенсерлерді қоса алғанда 50-ден астам қатысушы қатысты. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 7 турдан тұратын блиц форматында өтіп, жартылай финал кезеңі нокаут жүйесімен ұйымдастырылды.
Турнирдің ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ерхан Тәткен шахматтың стратегиялық ойлау, сабырлық пен жауапкершілікті қалыптастыратын ерекше спорт түрі екенін атап өтті. Оның айтуынша, журналистикада да, шахматта да әрбір қадамды ойланып жасау маңызды. Сондай-ақ ол турнирдің медиа саласы өкілдерінің тәжірибе алмасуына және әріптестік байланысты нығайтуына мүмкіндік беретін алаң екенін айтты.
Ал ҚР Үкіметі Баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов соңғы жылдары Қазақстанда шахматқа деген қызығушылықтың едәуір артқанын жеткізді. Ол бұл зияткерлік ойынның спорттық бәсекеден бөлек, ойлау мәдениетін қалыптастырудағы рөліне тоқталып, турнирдің медиа қауымдастық өкілдерін біріктіретін маңызды бастама екенін атап өтті.
«QAZCONTENT» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин аталған турнирдің екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанын айтып, оның медиа саласы өкілдерін жақындастыратын тиімді алаңға айналғанын жеткізді. Сонымен қатар бұл жобаны алдағы уақытта да жалғастырып, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі турнирге айналдыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Турнирдің бас демеушісі, «Paryz» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов мұндай маңызды әрі пайдалы бастамаға қолдау көрсетіп отырғанына қуанышты екенін айтты. Оның пікірінше, шахмат турнирі адамдарды біріктіріп, ой-өрісті дамытып қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ ол келесі жылы турнирдің жүлде қорын екі есе арттыру жоспарланып отырғанын хабарлады.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1-орын – Сағыныш Ансабаев («Қазмедиа орталығы») – 500 000 теңге;
2-орын – Нұрлан Салықбаев («Qazaqstan» телеарнасы) – 200 000 теңге;
3-орын – Жанболат Төрешов («Қазмедиа орталығы») – 100 000 теңге.