«ҚазАвтоЖол» бір көзден 8,3 млрд теңгеге келісімшарттарды заңсыз жасаған – сенатор
Бұл туралы депутат Андрей Лукин Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жол шаруашылығында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде заңды бұзу фактілері тоқтар емес және нормалар сақталмайды.
Сенатор бұл салада ақшаны тиімсіз пайдалану және ұрлау фактілері ғана емес, шенеуніктердің өкілеттігін асыра пайдалану фактілері де бар екенін атап өтті.
Жүйелік бұзушылықтар жойылған жоқ. Кейбір мердігер ұйымдарға қатысты конкурстық рәсімдерді өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық белгілері бар белгілі бір артықшылықтар сақталады. «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» ҚР Заңының 4-бабын бұза отырып, «ҚазАвтоЖол» бір көзден алу тәсілімен жалпы сомасы 8 млрд астам теңгеге заңсыз келісімшарт жасасқан, - деді депутат депутаттық сауалында.
Сондай-ақ сенатор жол саласына қомақты бюджет қаражаты құйылып жатқанына қарамастан, көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру жеткілікті тиімді емес деп отыр. Оған себеп, басқалармен қатар, мемлекет қаржысын ысырап ету, жымқыру және басқа да құқық бұзушылықтар. Осыған байланысты депутат министрлер кабинетінің басшысына Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының жұмысын бақылауды күшейтуді ұсынды.
Сонымен қатар мердігерлерден айыппұлдарды өндіріп алу, қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасалған және шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде бұзуға жол берген мердігерлермен шарттарды бұзу, сондай-ақ тиімді технологияларды кеңінен қолдануды қамтамасыз ету бойынша алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені ескере отырып, жолдарды сапалы салу және жөндеу үшін ұйымдық-құқықтық шаралар қабылдауды ұсынамын, - деді сенатор.