27 Қараша 2026, 12:47

«Қазатомөнеркәсіптің» тағы бір басқарма мүшесі қызметінен кетті

Оның қызметтік міндеттері басшылық арасында қайта бөлінеді

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының Сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Сағындықов Дархан Танатұлы 2026 жылғы 26 қарашадан бастап Сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор қызметінен өз еркімен кеткені туралы хабарлайды. Оның өтініші негізінде және корпоративтік процедураларға сәйкес, Компанияның Директорлар кеңесінің шешуімен Дархан Сағындықовтың Қазатомөнеркәсіп Басқармасының мүшесі ретіндегі өкілет мерзімі тоқтатылды, – делінген компанияның мәлімдемесінде.

Компанияның хабарлауынша, Дархан Сағындықовтың қызметтік міндеттері басшылық арасында қайта бөлінеді.

Қазатомөнеркәсіп өз жұмысын штаттық режимде жалғастыруда, ал міндеттер мен өкілеттіктерді бөлу жөніндегі ішкі рәсімдерге сәйкес аталған позицияның функционалдық міндеттемелері Компания басшылығы арасында қайта бөлініп, атқарылатын болады, – делінген хабарламада.

Дархан Сағындықовтың қызметінен кетуінің нақты себебі және оның орнына кім тағайындалатыны хабарланған жоқ.

Айта кетері, «Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания. 2025 жылы компанияның қатысу үлесіне пропорционалды табиғи уран өндірісі әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 20 пайызына жетті. Компанияның бағалы қағаздары Лондон қор биржасында және Astana International Exchange биржасында орналастырылған.

 Бір аптада басқарманың үш мүшесі қызметінен кетті

Дархан Сағындықовтың қызметінен кетуі соңғы бірнеше күнде «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының құрамындағы үшінші кадрлық өзгеріс болды. 24 қарашада компанияның Директорлар кеңесі Өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен Коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Омарбековтің ұсталғанын растады. Ол тергеу нұсқасы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді.

Дархан Сағындықовтың қызметінен кетуінің аталған тергеуге қатысы бар-жоғы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Топ-менеджердің ұсталғаны және компаниядағы кадрлық өзгерістер туралы жаңалықтардан кейін «Қазатомөнеркәсіптің» Лондон қор биржасындағы депозитарлық қолхаттарының құны 10 пайызға жуық төмендеді. Алайда 26 қарашада компанияның бағалы қағаздары қайта қымбаттай бастады.

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдарының өзгеріссіз қалатынын мәлімдеген болатын.