Кеше 2026, 10:23 Фото: әкімдіктің баспасөз қызметі

Қазатомөнеркәсіп өңірлерді дамытуға 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

Ұлттық атом компаниясы уран нарығында көш бастап тұр.

Уран өндірісі – стратегиялық маңызы жоғары сала. 2025 жылдың қорытындысы бұл бағыттағы жетістіктердің кейдейсоқ емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы жариялаған қаржылық есептерге сүйенсек, еліміз жаһандық уран нарығындағы көшбасшылық позициясын сақтап отыр. Компанияның үлесіне әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 20%-ы тиесілі болса, Қазақстандағы жалпы өндіріс көлемі арқылы осы көрсеткіш 39%-ға дейін жеткен. Бұл тек экономикалық емес, геосаяси тұрғыдан да маңызды көрсеткіш.

2025 жылы өндіріс көлемі 25,8 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті. Ал сату көлемі 18,5 мың тоннаны құрап, халықаралық әріптестік аясын кеңейте түскенін көрсетеді. Еуропа мен Азия елдерімен жаңа келісімшарттардың жасалуы Қазақстан өнімінің сұранысына ие екенін аңғартады.

Алайда, құрғақ сандардың артында қарапайым халық үшін не бар деген сұрақ туындайды. Ең алдымен – бюджетке түсетін түсім туралы айтсақ 2025 жылы компанияның салық аударымдары 850 млрд теңгеден асып, бір жылда 18%-ға артқан. Бұл қаражат білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым сияқты әлеуметтік маңызды салаларды қаржыландыруға бағытталды.

Сонымен қатар компания өңірлердің дамуына да нақты үлес қосып отыр. Қызылордада Достық үйінің, Түркістан облысында тұрғын үй кешенінің салынуы – соның айқын мысалы. Жалпы алғанда, әлеуметтік жобаларға 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Қаржылық көрсеткіштерге келсек, өткен жылы компания тұрақтылық танытқан. Түсім көлемі 1,8 трлн теңге деңгейінде сақталып, таза пайда 570 млрд теңгеден асты. Бұл тиімді басқару мен ұзақ мерзімді стратегияның нәтижесі.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. 2030 жылға дейін геологиялық барлауға 75-85 млрд теңге инвестиция салу көзделіп отыр. Бұл жаңа кен орындарын ашып қана қоймай, елдің минералдық-шикізат базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» тек өндірістік компания емес, ел экономикасының тұрақтылығына әсер ететін ірі жүйе құраушы құрылымға айналды.  Оның табысы – бюджет кірісі, өңір дамуы және мыңдаған адамның әл-қуаты.

Сондықтан уран өндірісіндегі әрбір жетістік бұл тек салалық көрсеткіш емес, елдің дамуына қосылған нақты үлес.