«Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындарынан мұнай өнімдері мен материалдық құндылықтарды ұрлаған ҰҚТ ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен Түркістан облысы Полиция департаменті Созақ ауданында «Қазатомпром» кәсіпорындарынан аса ірі көлемдегі жанар-жағар май материалдары мен басқа да тауар-материалдық бағалы заттарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz. 

ЖЖМ мен өзге де ТМБЗ шығаруға әрекет жасау кезінде топ ұсталған, оның құрамына 10-нан астам адам кірген, оның ішінде сотталғандар мен деструктивтік діни ағымдарды ұстанушылар болған. Жедел ақпарат бойынша олар ай сайын он миллион теңгеге мүлік ұрлаған. Ұрланған заттардың радиациялық қауіптілігі мен тасымалдау және сақтау жағдайларын сақтамау оларды сату кезінде қылмыскерлерді тоқтатпаған. Сондай-ақ, олар бопсалау, кәсіпкерлерге «қамқорлық жасаумен» және рэкетпен айналысқан.

Криминалдық ортада өздерінің ұстанымдарын нығайту үшін қару қолдана отырып, есеп айырысулар жасаған. Тінтулер барысында қылмыскерлерден есірткілер, атыс қаруы, күмәнді діни әдебиет, қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат, «қара бухгалтерия» блокноттары және «Қазатомпром» кәсіпорындарынан ұрланған материалдық бағалы заттар табылды. 

Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 197 (Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау және сатып алу), 287 (Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, беру, сату және сақтау) және 296 (Есірткі құралдарымен заңсыз іс-әрекет) баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

Қалған фактілер бойынша дәлелдер жинау жүргізілуде. Барлық жедел іс-шаралар прокурордың санкциясымен жүргізілді, кінәлі адамдар ұсталды және соттың санкциясымен тергеу изоляторына енгізілді. ІІМ біздің азаматтар мен мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін әрдайым қылмысқа қарсы күреседі.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы