Тазы күніне орай кинология саласының өкілдері марапатталды
Бүгін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Қазақы тазы мен төбет күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан Кинологтар одағының өкілдері, кинологтар, ит өсірушілер, хендлерлер және ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен дамытуға үлес қосып жүрген сала мамандары қатысты.
Әлібек Қуантыров қатысушыларды мерекемен құттықтап, қазақы тазы мен төбетті сақтау, олардың асыл тұқымдық және табиғи қасиеттерін дамыту, сондай-ақ отандық кинологияны қолдау бағытындағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында ұлттық ит тұқымдарын сақтау, өсімін молайту және отандық кинологияны дамытуға үлес қосқан 20 азамат марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда Қазақы тазы мен төбет күні алғаш рет аталып өтіп отыр. Мерекелік дата ретінде 3 қыркүйектің таңдалуының өзіндік мәні бар. 2024 жылғы дәл осы күні Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын алдын ала танып, №372 халықаралық стандартын бекітті. Қазақстан тұқымның шыққан елі ретінде танылды.
Қазіргі уақытта елімізде ұлттық ит тұқымдарын сақтау, асыл тұқымдық қорын қалыптастыру, қазақы тазының табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.