Қазақы салт-дәстүрде "Күйеу сабау" дегенді естіп пе едіңіз
Зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшіне енгеніне 10 күн болды. Енді отбасының берекесін қашырғандар бұрынғыдай әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікпен жазаланады. Президент тұрмыстағы зорлыққа қарсы заңға 15 сәуір күні қол қойды. Заң 60 күннен кейін күшіне енді. Дәл осы тұста «Күйеу сабау дәстүрі» деген тақырыпты қаузаған да қызық болар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Анықтама: Тұрмыстағы зорлыққа қарсы заңда денсаулыққа жеңіл зардап келтіргендер бұрын 55 мың теңге айыппұл төлеп, немес 15 тәулікке қамалса, енді 738 мың теңге айыпппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады. Жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін де жаза қатаңдатылды. Айыппұл мөлшері 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге өсті. Ал қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды.
BAQ.KZ редакциясы бұл тақырыпты көтере отырып, біреуді қаралап, біреуді даттау емес. Тек пікір білу. Ал, сіз мұндай дәстүрді естідіңіз бе? Пікір сан-алуан....
«Күйеуді сабау» деп бекер айтпадық. Мына төменде көрсетілген ақпарат порталы қазақта «Күйеу сабау» дәстүрі жайлы аз-кем ақпарат беріпті. Бұрын-соңды естіп көрмеген соң ұмыт болған дәстүр шығар деген оймен, белгілі этнограф Болат Бопайұлына хабарластық.
Қазақ дәстүрінде «Күйеуді сабау» деген салт жоқ. Бұл ұғым кейде әзіл ретінде айтылуы мүмкін, бірақ нақты дәстүр ретінде орын алған емес. Қазақ халқының салт-дәстүрлері негізінен сыйластыққа, құрметке және отбасы мүшелерінің арасындағы үйлесімді қарым-қатынасқа негізделген, - деді Болат Бопайұлы.
Бұл дәстүр жайлы отбасылы келіншектердің де пікірін білдік.
Әсем Қарпықова, жас келін:
Қазақ дәстүрінде «Күйеу сабау» дәстүрін алғаш естуім. Себебі қазақ отбасы дәстүрінде күйеу баланың орны мен рөлі өте маңызды, яғни күйеу баласын төрге шығарып, төс тартқан. Оған қоса «Күйеу бала - қайын жұртына сүйеу бала» деген астарлы мазмұнды сөз бар. Мысалы біздің шағын отбасымызда мынадай түсінік қалыптасқан. Ер адам, яғни жұбайым – отбасының қамқоршысы мен тіреуі, ал әйел адам - ер азаматының өмірлік адал жары, кеңесер қабырғасы, қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын сүйеніш досы. Яғни отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірінің алдындағы құқықтары мен міндеттерін дұрыс орындауы. Ол міндеттерге келетін болсақ, ер адам әйелінің алдында сөзімен де, ісімен де, жан дүниесімен де жан-жақты әдемі көркем болуға тырысу керек. Бала тәрбиесінде жұбайына жәрдем беріп, отбасын асырау, ал әйел сол тапқан табысына бас көз болып дұрыс жұмсау, баласына дұрыс тәрбие беріп, жұбайына рухани түрде қолдау көрсетіп, оған сенім білдіру. Яғни отбасында ер мен әйел заты бір бірінің сырын сақтап оны ешкімге жар салып таратпауы тиіс. Бір-бірін ренжітетін әрекеттер мен қылықтардан бойын аулақ ұстап, оның орнына мейірім мен махаббат сыйлап, түсіністікпен қарау керек, сол кезде отбасылық идиллия орнайды
Аида Батухан, жас келін:
Бұрындары әр әулеттің қариялары жастарға басу айтып, тәртіпке салатын. Қазір ондай қарияларымызды таппайсыз да. Ал, әке-шешесі ұзатылар қызыңа "үндеме, ұят болады" деп тәрбиелейді де күйеуге шыққан соң оның отбасына мүлдем араласпайды. Соның салдарынан да көп қыздарымызды жоғалтып жатырмыз. Қаншама ана баласыз, қаншама бала анасыз қалып жатыр. Меніңше бұл дәстүрдің қайта жаңғыруы отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азаюына, отбасылық құндылықтың қадірін ұғынуға сеп болар еді.
Мамыр Үсенова, жас келін.
Бұзық күйеу балаларды тәртіпке салу. Әйелін ұрған еркектерді қыздың жағы келіп сабап кететін болған.
Этнограф Болат Бопайұлы «Күйеуді сабауға» қатысты түсінік бере отырып, күйеудің отбасындағы рөліне де тоқталды.
Қазақ мәдениетінде күйеудің отбасындағы орны маңызды және құрметті. Оның рөлі мен міндеттері қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында айқын көрінеді. Күйеу немесе отағасы, әдетте отбасының басшысы. Ол отбасын қамтамасыз етуге, қорғауға және басқаруға жауапты. Оның сөзін отбасы мүшелері тыңдап, құрметтейді. Күйеу отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз етуге, үй шаруасын жүргізуге көмектесуге және отбасы мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға міндетті. Ол еңбекқорлық пен адалдықты жоғары бағалауы керек. Балаларының тәрбиесіне қатысып, оларға дұрыс тәрбие мен білім беру жолында жұмыс істейді. Ұлдарын ер азамат болуға, қыздарын құрмет пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу оның негізгі міндеті. Қорыта айтқанда, қазақ дәстүрінде күйеудің отбасы ішіндегі орны жоғары және жауапты рөл. «Күйеу сабау» деген дәстүр қазақ халқында атымен болмаған. Болмайды да, - деп ойын түйіндеді Болат Бопайұлы.