7 Тамыз 2026, 14:40 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақтың өнімдері әлемге жол тартты: Қай елдерде арнайы сөрелер ашылған?

QazTrade Қытай мен Таиландта қазақстандық өнімдерді таныстырып, Түрікменстанда жаңа сауда сөресін ашуға дайындалып жатыр.

Қазақстандық шикізаттық емес өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілету, отандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуетті шетелдік сатып алушыларды іздестіруге жәрдемдесу мақсатында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ шет мемлекеттердегі өкілдіктер, серіктестік кеңселер және демонстрациялық сөрелер арқылы экспортты қолдау инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасында Бейжің, Ухань, Нанкин, Аньхой, Тяньцзинь және Шанхай қалаларында орналасқан QazTrade-тің серіктестік кеңселерінің желісі жұмыс істейді. Бұл кеңселер Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетін таныстыруға, отандық өнімдерді көрсетуге, әлеуетті импорттаушылармен, дистрибьюторлармен және сауда желілерімен келіссөздер ұйымдастыруға, іскерлік кездесулер өткізуге, сондай-ақ қазақстандық тауарларды Қытай нарығында ілгерілетуге арналған.

Серіктестік кеңселерде тұрақты негізде қазақстандық өндірушілердің өнім үлгілері ұсынылады. Олардың қатарында азық-түлік өнімдері, киім және тоқыма бұйымдары, жемдік ұн, дәнді және майлы дақылдар, құрғақ түйе сүті, макарон өнімдері, алкогольсіз сусындар, алкоголь өнімдері, кондитерлік өнімдер, жеңіл тағамдар (снектер) және экспортқа бағдарланған өзге де отандық өнімдер бар.

Серіктестік кеңселердің қызметі экспорттық өткізу арналарының кеңеюіне, қазақстандық өнімдердің танымалдылығын арттыруға және отандық экспорттаушылар мен қытайлық компаниялар арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға ықпал етеді.

Таиланд Корольдігінде QazTrade қызметі Бангкок қаласындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің аумағында орналасқан өкілдік арқылы жүзеге асырылады. Өкілдікте қазақстандық өндірушілердің өнімдерін Таиланд пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарықтарына ілгерілетуге арналған тұрақты жұмыс істейтін демонстрациялық экспозиция ұйымдастырылған.

Көрме сөрелерінде ұн, макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, печенье, вафли, шоколад өнімдері, алкогольсіз сусындар, минералды су, табиғи шырындар, бал және ара шаруашылығы өнімдері, өсімдік майлары, дәнді және майлы дақылдар, бұршақ тұқымдас дақылдар, құрғақ түйе сүті, органикалық және экологиялық таза азық-түлік өнімдері ұсынылған.

Өкілдік қазақстандық өнімдердің тұсаукесерлерін, дәм тату іс-шараларын ұйымдастыруға, әлеуетті импорттаушылармен, сауда желілерімен, дистрибьюторлармен және іскерлік орта өкілдерімен кездесулер өткізуге пайдаланылады. Бұл өз кезегінде қазақстандық өнімдерді Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарықтарына ілгерілетуге ықпал етеді.

Қазіргі уақытта «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Түрікменстандағы супермаркеттердің бірінде демонстрациялық сауда сөресін ашу бағытында жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезеңде демонстрациялық экспозицияны қалыптастыру үшін қазақстандық өндірушілердің өнім үлгілері жиналуда.

Жоспарланып отырған өнімдерді орналастыру отандық тауарлардың Түрікменстан нарығында тұрақты түрде ұсынылуын қамтамасыз етуге, әлеуетті импорттаушыларды, сауда желілері мен дистрибьюторларды қазақстандық өндірушілердің өнімдерімен таныстыруға, әлеуетті сатып алушыларды іздестіруге, іскерлік байланыстарды дамытуға және отандық өнімдердің экспорттық жеткізілімдерін кеңейтуге мүмкіндік береді.