Бүгiн 2026, 07:14 Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақтың 102 дәстүрлі әнін орындаған оқытушы дүниежүзілік рекордтар кітабына енді

Барлық әндер нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және орындаушының өз аспаптық сүйемелдеуімен шырқалды.

Абай облысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға арналған мәдени іс-шара барысында Shakarim University-дің «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Қабышев Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті.

Өнер иесі рекорд орнату кезінде қазақтың 102 дәстүрлі әнін 5 сағат 29 минут бойы үздіксіз орындады. Рекорд талаптарына сәйкес әр 25 әннен кейін үзіліс жасауға мүмкіндік берілгенімен, Қайрат Қабышев бұл құқықты пайдаланбаған. Барлық әндер нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және орындаушының өз аспаптық сүйемелдеуімен шырқалды.

Рекордтың тіркелу рәсіміне халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша бас офицері Қуандық Құдайберген қатысып, көрсетілген нәтижені бірегей жетістік ретінде бағалады. Сарапшылар шешімімен бұл рекорд ресми түрде тіркеліп, дүниежүзілік рекордтар кітабының 2026 жылғы басылымына енгізіледі.

Жобаға сарапшылық баға берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман бұл жетістік қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосатынын атап өтті.

Қайрат Қабышев өз сөзінде рекордқа қол жеткізуіне ұлттық әншілік мектептің дәстүрі мен ұстаздарының тәлімі негіз болғанын айтып, мұндай бастамалардың жастар арасында ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал ететінін жеткізді.