Қазақтар Ресейдің шақыруымен Украинаға жұмысқа барып жатыр деген рас па?

Әлеуметтік желіде Қазақстан азаматтары Ресей басып алған Украинаның Мариуполь қаласына жұмысқа шақырылып жатыр деген ақпарат тараған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұндай ақпараттың таралуына Қостанай агенттігі knopka.kz сайтында жариялаған айлығы 900 мың теңге деп көрсетілген құрылысшыларға арналған хабарландыру арқау болды. 

«Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысам дегендерге ақпарат. Жақын арадағы ұшу уақыты: 15 желтоқсан 2022 жыл. Мариуполь – бұрын Украинаның Донецк облысында болған қазір құжат бойынша Ресейдің құрамындағы қала. Онда жауынгерлік қимылдар аяқталды, қаланы қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жұмысшылар ТМД-дан жиналған. Олардың фото, видеолары бар» делінген онда.

Желі қолданушыларының айтуынша, мұндай хабарламалар olx.kz сайтында да Қостанай, Орал, БҚО тұрғындары үшін орналастырылған. Жарнама сайтынан Ресейге вахтамен жұмыс деген айлығы жоғары хабарландыруларды қазір де кездестіруге болады, бірақ Мариуполь туралы ақпарат алынып тасталған. 

Жұмысқа шақыру хабарламаларының пайда болғанына жарты айдан асып кетті. Алдында барып жатыр деген өсек, сыбыс болатын. Бірақ кешегі қазақ жігітінің Мариуполь қаласының көшесінде келе жатып видео салғанынан кейін қазақтардың сол жаққа кеткеніне көзім жетті, – деді бүгінде Украина мәселесін жіті жазып жүрген журналист Оңғар Қабден. 

Журналист Мариупольға жұмысқа барғандар Ресей шекарасы арқылы кірді деп болжайды. Сондай-ақ олардың қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.  

Мариуполь қазір орыс басқыншыларының қолында болғандықтан, оған Украина жағынан кіру мүмкін емес. Олар ол жаққа Ресей арқылы кірген болуы керек. Украина жақын арада Мариуопольді қайтару үшін шабуылға шығады. Оған күмән жоқ. Дайындыққа кірісіп те кетті. Сонда сол жаққа жұмысқа кеткендердің қауіпсіздігіне кім жауап береді? – деді ол. 

Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ҚР азаматтарының Мариупольға кеткені жөнінде министрлікте ақпарат жоқ екенін айтты. 

Қазақстандықтар шетелге шыққанда қайда бара жатқанын бізге хабарламайды. Ал елден шыққанын-шықпағанын шекара қызметі біледі. Біз шекарада отырмаймыз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы