"Қазақтар өте ашық, қарапайым әрі жомарт": Қазақстан қытай туристерін несімен тартады

Соңғы жылдар Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы байланыстардың жаңа белеске көтерілген жылы ретінде тарихта қалатыны анық. Екі ел арасындағы визасыз режим, Алматы мен Сиань қалаларын жалғаған алғашқы мәдени-туристік пойыз, және күн сайын артып келе жатқан туристер легі – осының айқын дәлелі. Қазақстанның көркем табиғаты мен бай мәдени мұрасы қытайлық саяхатшылардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2023 жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстан Қытай азаматтарына 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берді. Бұл шешім қос тарап арасындағы туристік ағынды күрт арттырып, Қазақстан үшін Қытай негізгі туристік нарықтардың біріне айналды.

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы Қытайдан келген туристер саны 650 мың адамнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өскен. 2024 жылдың өзінде еліміздегі қонақүйлерде 173 987 қытайлық туристке қызмет көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66%-ға көп.

Қытайлық турист Ян Чжунлан Алматыға Шыңжаңдағы Іле қаласынан халықаралық туристік автобуспен келген. Ол Қазақстанның сәулеті мен ұлттық тағамдарына тәнті болып, үш күндік сапардың ыңғайлы әрі мазмұнды өткенін айтады. Оның айтуынша, "виза керек емес, жол қатынасы ыңғайлы – барлығы ойдағыдай ұйымдастырылған".

“Орталық Азиямен байланысты ерекше рухани жақындық сезінеміз”

Қазақстан Үкіметі мен туризм саласындағы ұйымдар Қытаймен бірлесіп жаңа туристік өнімдер әзірлеп, ерекше бағыттарды ілгерілетіп жатыр. Соның ішінде Алматы облысындағы Қайыңды көлі мен Шымбұлақ тау-шаңғы курорты ерекше танымал. 

Шанхайлық туристер тобы Шымбұлаққа Орталық Азияның бес елін аралаған сапарының соңғы аялдамасы ретінде келді. Олар бұл аймақты "Жібек жолының жүрегі" деп атап, тарихи-мәдени маңызына жоғары баға берді.

Бұл аймақ – Чжан Цянь алғаш сапар шеккен жер. Біз Орталық Азиямен байланысты ерекше рухани жақындық сезінеміз, – дейді саяхат бағытын ұйымдастырған Чэнь Ланьин.

“Қазақтар өте ашық, қарапайым әрі жомарт”

Қытайлық жастар да Қазақстанның мәдени әлемін қызығушылықпен зерттеп жатыр. 

Сианьнан келген оқушы Ли Го И Алматыға алғаш рет мәдени-туристік пойызбен келіп, сапарын "ерекше тәжірибе" деп сипаттады. Ол пойыз ішінде дәстүрлі қолөнермен танысып, жергілікті футбол командасымен жолдастық матч ойнап, музейлерді аралаған.

Жасөспірімнің сөзінше, ең әсерлі сәт – қазақ халқымен тікелей араласу арқылы бөтен елдің мәдениетін шынайы сезіну болған.

Журналист Цюй Сун да сапар барысында жергілікті халықтың қонақжайлығына ерекше тәнті болды.

Қазақтар өте ашық, қарапайым әрі жомарт. Бұрын “Композитор” фильмін көрген едім – онда соғыс кезінде қазақ отбасы қытай композиторын паналатып, көмектескені бейнеленеді. Бұл жай ғана фильм емес, өмірдің өзі. Қазақтар шынымен де еш пайдасыз, жүректен көмектеседі – бұл нағыз дала менталитеті, – дейді ол.

Табиғат – жан мен тәннің шипасы

Ал қытайлық журналист Цюй Пэй Қазақстандағы табиғатпен қауышудың ерекше әсер еткенін айтады.

Соңғы кездері қатты шаршаған едім. Бірақ тау бөктерінде серуендеу, көл жағасында демалу, атпен жүру – барлығы жан-дүниеме тыныштық сыйлады. Туризм – бұл тек саяхат емес, жанды да, тәнді де емдеу, – дейді ол.

Дубайда жұмыс істеген қытайлық әріптесіміздің пікірінше, Қазақстан астанасы – жазғы туризм үшін қолайлы мекен. Қоңыр салқын ауа райы, табиғи сұлулық пен көлеңкелі жайлылық оңтүстік Қытайдың аптабынан шаршаған адамдар үшін таптырмас мүмкіндік.

Білім мен болашақ

Цюй Сун орыс тілі мамандығын меңгергенін, алайда жанындағылары бұл саланың болашағына сенбегенін айтады. Қазір ол Қытай–Қазақстан ынтымақтастығының арқасында білікті маман ретінде жұмыс тауып отыр. Оның айтуынша, Қытайда университеттерде қазақ тілі мамандығы да ашылып, қос елдің байланысы жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Мен Қазақстанда өзімді бөтен сезінбеймін. Бұл ел – дамуға ұмтылып жатқан ел. Болашағы – жарқын, – дейді ол.

Қайыңды көліне жақын орналасқан ауылда туризм дамып келеді

Қайыңды көліне жақын Саты ауылында шамамен 250 адам тұрады. Жергілікті халықтың көбі – жастар мен үлкен кісілер. Олар мал шаруашылығымен айналысады, сонымен қатар туризм саласына да белсенді қатысып жүр. Ауылда мектеп пен емхана жұмыс істейді, ал айнала – ұлттық парктің қорғауындағы аумақ.

Ауыл тұрғыны Жанат Асановтың айтуынша, мұнда туристер көп келеді. Олар көбіне шетелден – ағылшын, поляк, қытай және үнді елдерінен. Туристер Қайыңдыға кезекпен, шамамен күніне ауылдағы көліктермен қатынайды. Қайыңдыға барар жол нашар болғандықтан өз көліктерімен келген туристер көліктерін ауылда тастап, әрі қарай ауылдың маршрутына отырады.

Ауылдан Қайыңды көліне барып-қайту құны – 20 мың теңге. Ауылдық жүргізушілер күніне шамамен 100 рет Сатыдан Қайыңдыға дейін қатынайды. Жергілікті халықтың айтуынша, биыл күзде жол салу жұмыстары басталуы тиіс.

Қытай мен Қазақстан арасындағы туризм тек экономика мен мәдениетті байланыстырушы ғана емес, халықтар арасындағы сенім мен достықты тереңдететін маңызды салаға айналып отыр. Визасыз режим, табиғи сұлулық, мәдени байлық пен шынайы қонақжайлық – Қазақстанды Қытай туристері үшін тартымды елге айналдырып келеді.

Еске сала кетсем, былтыр, яғни 2024 жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы аталып өткен. Енді биыл Қазақстанда Қытай туризм жылы.

«Қазақстандағы Қытай туризм жылының» ресми ашылу салтанаты 16 маусымда Астана қаласында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы