«Қазақтан да Илон Маск шығады»: Нұртөре Жүсіп оған жетудің басты шартын атады
Қоғам қайраткері жастарды ұйқы режиміне ерекше мән беруге шақырып, денсаулықты сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп Adyrna порталының подкастына берген сұхбатында жастарға шабыт беретін, олардың арманын оятып, ізденуге жетелейтін тұлғалар туралы еңбектерді көбейту қажеттігін айтты.
Ол әлемге жаңашылдығымен танылған Илон Маск секілді адамдардың табыс жолын зерттеумен қатар, Қазақстаннан да сондай ауқымды ойлайтын, технология мен ғылымда серпіліс жасайтын азаматтарды кеңінен насихаттау маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, қазақ жастарының арасынан да өз Илон Маскі шығуы әбден мүмкін. Ол үшін жас ұрпаққа нақты үлгі болатын оқиғалар көбірек айтылып, ғылымға, технологияға және кәсіпкерлікке қызықтыратын тұлғалардың өмір жолы кеңінен таныстырылуы керек.
Сонымен қатар, бұл мәселе тек кітап жазумен шектелмеуі тиіс. Мұндай оқиғалар оқырманға қызықты форматта ұсынылып, қоғамға кеңінен насихатталғаны маңызды. Өйткені сапалы еңбек жазылғанымен, оны аз ғана адам оқыса, негізгі мақсатқа жету қиын. Сондықтан ғылым, технология және кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен тұлғалар туралы кітаптармен қатар, деректі фильмдер, сериалдар және білім беру жобалары да көбірек жасалуы қажет.
Адам армандап, қиялдай білуі керек. Мысалы, қазір бір ғана Илон Масктың өзін алып қараңызшы. Осыдан 5-6, 10 жыл бұрын электрокарлар, болмаса Марсқа ғарыш кемесін ұшырып, зерттейді деп кім ойлады?! Маск адамзат көшінде бір өзінің жасаған идеясына жақында ғана 76 млрд доллар инвестиция құйып отыр. Айтқан сөзіне, оның үсынған жобасына Америка, Қытай қолдау білдіріп отыр. Қазір ғарышты, Айды игеруге де әлем елдері, адамзат баласы қызығушылық танытуда, - деп атап өтті қоғам қайраткері.
Айтуынша, ғарышты бағындыруға біздің жастардың да әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары.
Біздің Байқоңырымыз тұр. Ғарыш саласын оқып, зерттеп жүрген жастарымыз да баршылық. Қазір қазақ мойнын бұруы керек. Өйткені, ертең технологиясына ие болып, ашық тұрған кеңістіктерді меңгеріп, қазақ ұлты кіруі керек, - дейді Нұртөре Жүсіп.
Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің айтуынша, дамыған мемлекеттердің жетістікке жетуінің басты негізі – еңбекқорлық пен темірдей тәртіп. Оның пікірінше, уақытты тиімді пайдалану, жауапкершілік пен күнделікті өмірдегі тәртіп кез келген елдің өркендеуіне тікелей әсер етеді.
Қазіргі қазақ қоғамында сағаттап кешігіп басталатын той-томалақтар мен түн ортасына дейін созылатын жиындар уақытты ысырап етіп қана қоймай, адамның биологиялық ырғағына да кері әсерін тигізеді. Шала ұйқымен, дұрыс тынықпай жұмысқа шығу еңбек өнімділігін төмендетіп, сапалы нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіреді. Сондықтан биологиялық заңдылықтарды сақтап, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – ел болашағы үшін маңызды міндеттердің бірі.
Қайраткер бүгінгі жаһандық бәсеке жағдайында Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропаның дамыған елдері уақытты тиімді пайдалану мен тәртіптің арқасында алға озып кеткенін атап өтті. Оның пікірінше, жастар мақсатсыздық пен ұйқысыздыққа бой алдырмай, заман талабына бейімделіп, уақыттың қадірін білуі қажет. Сонда ғана елдің дамуына нақты үлес қоса алады.
Дамыған ұлттардың, озып кеткен мемлекеттердің барлығын алып қарасақ, бірінші – тәртіп. Соның бәрін үлкен деңгейге жеткізген – тәртіп. Яғни ол қарапайым, таңнан жұмысқа барғаннан кеткенге дейінгі аралықтағы тәртіп – қызметтің тәртібі, одан қалғаны – өмірдегі тәртіп. Еңбек пен тәртіп – қазақ қоғамын алға жетелейтін үлкен күш. Біз дамыған 50 елдің қатарына кіреміз деп үлкен міндет қойдық. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бар ғой. Ол дегеніміз – әдіске, айлаға, әрекетке, нақты мақсатқа байланысты, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Сөз соңында қоғам қайраткері жастарды ұйқы режиміне ерекше мән беруге шақырып, денсаулықты сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Қазақ қауымына айтарым, биологиялық циклді сақтау керек. Бұл – денсаулықтың кепілі, - деді қоғам қайраткері.