Қазақстанның "жасыл" университеттері әлемдік рейтингте алға шықты

Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын іске асыру аясында экологиялық жауапкершілік, тұрақты даму және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қоғамдық өмірдің барлық салаларына, соның ішінде жоғары білім беру жүйесіне де жүйелі түрде енгізіліп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осы тұрғыда университеттер экологиялық ойлауды қалыптастырудың, ғылымды дамытудың және елдің тұрақты дамуына бағытталған инновациялық шешімдерді енгізудің негізгі орталықтары ретінде қарастырылады.

UI GreenMetric World University Rankings 2025 нәтижелері білім, ғылым және экология саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін айқын дәлелдеді. 2025 жылы рейтингке әлемнің 105 елінен 1 745 университет қатысты. Осы халықаралық рейтингте ұсынылған қазақстандық жоғары оқу орындарының саны шамамен үш есе өсіп, 2020 жылғы 11 университеттен 2025 жылы 30 университетке жетті. Бұл отандық ЖОО-лардың жаһандық тұрақты даму күн тәртібіне жүйелі түрде тартылып отырғанын көрсетеді.

UI GreenMetric World University Rankings 2025 қорытындысы бойынша Қазақстан Орталық Азияда жетекші орындарға ие болды. Өңірдің тұрақты даму көрсеткіштері бойынша үздік үш университеттің қатарына 2 қазақстандық жоғары оқу орны енді. Орталық Азияда 1-орынды барлық өңір университеттері арасында ең жоғары нәтижені көрсеткен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті иеленді. 3-орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті иеленіп, Қазақстанның өңірлік және халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнықты көшбасшылығын растады.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті нәтижелері ерекше назар аударуға лайық. 2025 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша университет әлемдегі ең тұрақты 150 университеттің қатарына еніп, 139-орынды иеленді, Қазақстан университеттері арасында 1-орынды сақтап қалды, сондай-ақ мүмкін болған 10 000 балдың 8 412,5 жинап, ел бойынша ғана емес, Орталық Азия өңірінде де ең жоғары жиынтық көрсеткіштердің бірін көрсетті.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті рейтингтің негізгі индикаторлары бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Университет «Білім беру және зерттеулер» бағыты бойынша әлемде 10-орынға ие болып, осы санаттағы барлық көрсеткіштердің 100 пайыздық орындалуын қамтамасыз етті. Бұл нәтиже тұрақты даму қағидаттарының білім беру бағдарламаларына, ғылыми зерттеулерге, халықаралық ынтымақтастыққа және университетті басқару жүйесіне жоғары деңгейде интеграцияланғанын көрсетеді. 

Сонымен қатар университет «Инфрақұрылым» және «Энергия және климат» санаттары бойынша да мықты позицияларды көрсетті, бұл энергия тиімді және экологиялық тұрғыдан орнықты кампустық шешімдерді дамыту бойынша жүйелі жұмысты дәлелдейді.

UI GreenMetric 2025 рейтингінің ұлттық сегментінде жоғары орындарға ие болған университеттер:

  • М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті – 258-орын;
  • Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті – 333-орын;
  • бай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – 356-орын.

Аталған нәтижелерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттары есебінен жүзеге асырылып жатқан ғылыми және қолданбалы жобаларға көрсетілген жүйелі мемлекеттік қолдау ықпал етті. Атап айтқанда, тұрақты дамудың басым міндеттерін, экологиялық қауіпсіздікті және «жасыл» экономиканы қалыптастыруды көздейтін жобалар жүзеге асырылады. Университеттерде энергия тиімді және цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізіліп, «жасыл кампус» тұжырымдамасы дамып, студенттер мен жас ғалымдардың экологиялық және әлеуметтік бастамаларға қатысуы кеңейіп келеді.

UI GreenMetric World University Rankings 2025 қорытындылары қазақстандық университеттердің тұрақты даму, ғылым және инновациялар саласындағы маңызды орталықтарға айналып келе жатқанын, елдің Орталық Азиядағы көшбасшылық позициясын қамтамасыз етіп, ұлттық жоғары білім беру жүйесінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін жүйелі түрде арттырып отырғанын растайды. Алынған нәтижелер жоғары оқу орындарының одан әрі дамуына бағдар болып, ҚР білім, ғылым және экологиялық күн тәртібіндегі мемлекеттік саясатының стратегиялық маңызын айқындайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы