Қазақстанның жасыл энергетика бағытындағы негізгі жобалары мен жетістіктері
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері саласындағы маңызды оқиғалар мен елеулі жетістіктерге толы жылдың қорытындысын шығаруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобалардың сәтті жүзеге асуы және стратегиялық келісімдердің жасалуы Қазақстанның халықаралық энергетикалық күн тәртібіндегі ұстанымын нығайтады.
ЖЭК инфрақұрылымын дамыту
2024 жылы жалпы қуаты 34,75 МВт болатын үш жаңа ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. Бұл 13,7 млрд теңге сомасына инвестициялар тартудың арқасында мүмкін болды. Жыл соңына дейін жалпы қуаты 128,4 МВт болатын тағы бес нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде, бұл елдің энергетикалық әлеуетін одан әрі нығайтады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы белгіленген қуаты 2903,7 МВт болатын 148 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Бұл нысандар көміртегі ізін азайтуда және елдің электр желісін таза және тұрақты энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Экономикаға және жұмыспен қамтуға қосқан үлесі
2024 жылы ЖЭК секторындағы жұмыс орындарының жалпы саны 1809-ға жетті. Бұл жаңартылатын энергетиканың экологиялық ауысу үшін ғана емес, ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де маңыздылығын көрсетеді.
Стратегиялық жобаларды іске асыру
Жылдың басты оқиғасы Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт ірі жел электр станциясын салуға Masdar компаниясымен инвестициялық келісімге қол қою болды. Жоба энергияны жинақтаудың заманауи жүйелерін қамтиды, бұл Қазақстанның энергия жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттырудағы маңызды қадам.
Жалпы белгіленген қуаты 1,8 ГВт ЖЭК объектілерін салу туралы Қытаймен үкіметаралық келісімге қол қою да маңызды жетістік болды. Бұл жоба халықаралық ынтымақтастықты күшейтеді, Қазақстанға жаңа инвестициялар мен технологияларды тартады.
Шағын масштабты ЖЭК нысандарын қолдау
2024 жылы халық арасында шағын ауқымды ЖЭК объектілерін дамытуды ынталандыруға бағытталған Заң қабылданды. Жаңа механизм күн батареяларын және басқа да энергияны үнемдейтін технологияларды тұрмыстық деңгейде
орнатуды айтарлықтай жеңілдетеді, бұл елдегі жасыл энергияны танымал етуге маңызды үлес болады.
Тұрақты энергетикалық ауысу
Қазақстан жаңартылатын энергияны дамыту қарқыны бойынша Орталық Азияда көшбасшылық танытуды жалғастыруда. 2024 жылы ел ЖЭК қуатын сәтті арттырып қана қоймай, тұрақты экономика мен экологиялық таза энергетиканы дамыта отырып, өзінің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтты.
Энергетика министрлігі жаңа жобаларды іске асыру, инвестициялар тарту және инновацияларды енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмысты жалғастыруда. Жаңартылатын энергетиканың орнықты дамуы көміртегі шығарындыларын азайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолында маңызды басымдық болып қала береді.