Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері секторындағы әйелдер рөлі артып келеді

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторындағы гендерлік теңгерімнің талдамалық есебін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Есепте келтірілген деректерге сәйкес, Қазақстанның энергетика секторындағы әйелдердің үлесі ерлердің үлесінен төмен болып қалуда. Атап айтқанда, көмір өндіру өнеркәсібіндегі әйелдердің орташа өкілдігі – 22 пайызды, ал мұнай-газ секторында – 18 пайызды құрады.

Дегенмен, жаңартылатын энергия секторында жұмыс істейтін әйелдердің үлесі 30 пайызға жетті және бұл дәстүрлі энергетика салаларымен салыстырғанда ЖЭК саласының әйелдер үшін салыстырмалы тартымдылығын көрсететін оң көрсеткіш.

Осы оң үрдіке қарамастан, гендерлік теңсіздік энергетика секторында, әсіресе шешім қабылдау деңгейінде әлі де өзекті мәселе.

Есеп Қазақстандағы әйелдердің негізінен біліктілігі төмен лауазымдарды атқаратынын және электр энергетикасындағы біліктілігі жоқ әйелдердің үлесі 53% құрайтынын көрсетеді.

Әйелдер басшылық (16%) немесе техникалық (19%) лауазымдарды аз атқарады. 2022 жылы энергетикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің 10%-дан азы әйелдер болды.

2016 жылы әлем бойынша жаңартылатын энергия көздері саласында 8 миллион адам жұмыспен қамтылды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 11,5 миллионға дейін өсті. 2050 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері 139 елде 24,3 миллион жұмыс орнын ашады деп күтілуде, ал дәстүрлі энергетика, биоотын және атом энергетикасымен байланысты салаларда 27,7 миллион жұмыс орны жоғалады. 

Бұл ауысым жаңартылатын энергия көздеріндегі жұмыс күшінің өсуін көрсетеді.

Баяндама Қазақстандағы ЖЭК-тегі әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі семинарда ұсынылды, ол сондай-ақ гендерлік теңсіздікті еңсеру үшін саяси деңгейдегі негізгі үрдістер мен шешімдерді талқылау үшін платформа болды.

Қазақстандағы бағдарламаларымыз аясында біз гендерлік теңдікке ерекше назар аударамыз және әйелдердің басшылық лауазымдарда болуы үшін барлық мүдделі тараптармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Біз жаңа тәсілдерді әзірлеуге инвестиция саламыз және әйелдердің әлеуетін толық іске асыру үшін жұмыс істей отырып, терең қалыптасқан теріс нормалармен, гендерлік таптаурындармен және зиянды практикалармен күресуге бағытталған саясатты қолдаймыз. Қазақстандағы БҰҰДБ энергетика секторында 60 000-нан астам әйел үшін энергия көздеріне әртараптандырылған қолжетімділікті ұсынды және оларға энергия тиімді жаңғыртуды жүргізуде қолдау көрсетті. Біздің келесі қадамымыз – бүкіл ел бойынша және одан тыс жерлерде гендерлік құқықтарды қорғаушылардың үндерін күшейтетін «Әйелдер әділетті энергетикалық жүйеге көшу үшін» желісі үшін қолайлы жағдайлар жасау, – деді БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Семинар аясында ЖЭК секторында құрылған әйелдер желісінің іс-қимыл жоспары талқыланды, ол таза энергия саласында гендерлік бағдарланған мақсаттарды қорғауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мақсат Рысбеков - архив
Өзгелердің жаңалығы