Қазақстанның жаңа саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалары Грузияда талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грузияның саясаткерлері, сарапшылары мен іскерлік топтары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауымен қызығушылықпен танысты. Бұл ткралы СІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Трибуна» саяси партиясының көшбасшысы Давид Чичинадзе Қазақстандағы қасіретті қаңтар оқиғаларын ескере отырып, Президент Қ.Тоқаевтың бұл жолдауы біріншіден Қазақстан халқы, екіншіден әлемдік қауымдастық үшін өз бағытын көрсетудің уақтылы сәтіне айналғанын атап өтті.
Саясаткер, «Еуразия институтының» басшысы Гулбаат Рцхиладзенің пікірінше: «Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың өз халқына жолдауында айтқан бастамалары мемлекетті Орталық Азиядағы ғана емес, бүкіл Азиядағы ең демократиялық мемлекетке айналдырады. Бұл тұрғыда мемлекет басшысының парламент пен азаматтық қоғамның пайдасы үшін «артық» өкілеттіктер мен артықшылықтардан бас тартып отырғанын атап өткен жөн. конституциялық соттың құрылуы, оған бас прокурор мен адам құқығы жөніндегі уәкілдің жүгінуге мүмкіндік алатындығы өте маңызды».
Қазақстанда күшті президенттік институт қалады, алайда авторитарлық ерекшеліктер мен өкілеттіктерсіз. Қ.Тоқаев атқарушы, әсіресе президенттік билік алдында «құрдай жорғалау» тәжірибесінің жойылуын қалайды. Әрине президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынуы тамыр-таныстыққа және жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді білдіреді. Президент сондай-ақ саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдетті. Бұл қадам «ашу-ызаның» басылуына және татуласу мен тыныштыққа ықпал етеді. Өйткені Қазақстанда партиялық өмір тым әлсіз деген сын оппозициядан да, Батыстан да айтылып жүрген болатын. Енді бұл олқылық түзетілді, - деді саясаттанушы.
Грузин сарапшысының айтуынша, Қазақстан 2022 жылғы қаңтардағы дағдарысты сәтті еңсеріп, болашаққа нық қадам басты.
ҚР Президентінің Қазақстанның өзінде елдің негізгі активтерін шоғырландыру туралы шешімін өте маңызды деп санаймын. Әрине бұл Украина төңірегінде болып жатқан оқиғалар мен Ресейге қарсы санкциялар аясында мемлекет үшін жақсы сақтандыру., Жалпы әлемдік және әсіресе, посткеңестік кеңістіктегі тұрақсыз конъюнктураға қарамастан, Қазақстанды өрлеу жылдары күтіп тұр деп болжаймын, - деді өз сөзінде Г.Рцхиладзе.
«Geoecohub» интернет басылымының редакторы, журналист Лика Жоржолиани одан әрі демократиялық өзгерістерді құру тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін емес екенін, сондай-ақ олардың демократиялық және ашық мемлекет жаңғыруының негізгі кепілі болып табылатыны туралы тезистің мақсатты және орынды айтылғанын атап өтті.
Іскерлік топтар өкілдері, «IDS Боржоми Грузия» компаниясы директорының бірінші орынбасары, Қазақстанның Боржомидегі Құрметті консулы Леван Багдавадзе, грузин кәсіпкері, Тбилисидегі ҚР Құрметті консулы Георгий Джахуташвили еліміздегі жаңа саяси және экономикалық реформалар барлық өзара тиімді салаларда екіжақты қатынастарын жандандыратынына сенім білдірді.