Қазақстанның жаңа облыстары қалай дамиды
ҚазСтандарт Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары әкімдіктерінің және ESG Ұлттық клубының өкілдерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңес барысында ISO 37120 «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар. Қалада көрсетілетін қызметтер мен өмір сүру сапасының көрсеткіштері» деп аталатын сериялы стандарттар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мүмкіндіктері талқыланды.
Стандарт адамның өмір сүру сапасына әсер ететін 120-дан астам көрсеткішті, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет, телекоммуникация, көлік, қала құрылысы, су және т.б. бойынша көрсеткіштерді қамтиды.
Өмір сүру сапасы стандарттарын енгізу уақыт өте келе халықтың өзгеріп отыратын қажеттіліктерін қадағалауға, аса маңызды әлеуметтік проблемаларды айқындауға, оларды шешуге қатысуға, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыру бойынша мақсатқа сай бағытталған іс-қимылдарды жүзеге асыруға, басым бағыттарды ажыра білуге және ақша қаражатын мақсатқа сай бөлуге, сондай-ақ олардың пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда әрбір тұрғын қауіпсіз және жаңа дайындалған тамақ өнімдерін алуға, өздеріне сапалы қызметтер көрсетілуіне мүдделі, бұл көрсеткіштердің барлығы стандарттарда бар, ең бастысы қазір бірлескен күшпен Қазақстанның барлық өңірлерінде осы стандарттарды енгізуді қамтамасыз ету, - деп атап өтті КазСтандарттың бас директоры Ғ. Мұхамбетов.
ESG Ұлттық клубының өкілдері ISO 37120 бойынша өмір сүру сапасының көрсеткіштерін есептеу кезіндегі өзгешіліктер мен қиындықтар туралы, осы жұмысқа қатысуға дайын екендіктері туралы өз ойларын білдірді.
Кеңес қорытындысы бойынша Алматы облысында, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында осы облыстардың әкімдіктерінің, ESG Ұлттық клубының өкілдерінен ISO 37120 енгізу бойынша жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданды, олар аталған облыстардың халқының өмір сүру сапасының нақты жай-күйі бойынша есептеу жүргізеді және оларды жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлейді.
Естеріңізге сала кетсек, мемлекет Басшысы 2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету міндетін қойған болатын.
Қойылған міндетке қол жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 ж. 25 сәуірдегі № 241 Қаулысы), сондай-ақ оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары қабылданды, осы жоспарда «Экономикадағы техникалық реттеудің рөлі мен функцияларын күшейту арқылы тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын, сондай-ақ халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін арттыру» деп аталатын 33-тармағы қамтылған.