Қазақстанның жаңа Конституциясы таныстырылды
Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында еліміздің жаңа Конституциясының жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетсек, Конституциялық комиссия мүшелері осыған дейін өткен отырыстарда ұсыныстарын айтқан болатын.
Еліміздің жаңа Ата заңының алғашқы жобасы жасалды. Оны дайындау кезінде соңғы 6 ай бойы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар, комиссия мүшелерінің пікірлері төртінші отырыста таратылып таныстырылған жоба бойынша айтылған ескертулер мен ұсынымдар ескерілді, - деді ол.
Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
Конституцияның преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Жобада ҚР қызметінің жаңа негіз құраушы қағидаттары бекітілді. Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Конституциялық құрылыстың негіздері деген бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер бар, - деді Бақыт Нұрмұханов.