17 Қараша 2026, 10:13 Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

Қазақстанның зейнетақы жүйесі жаһандық рейтингте АҚШ, Қытай және Жапониядан озып шықты

Қазақстанның зейнетақы жүйесі Marsh CFA Institute ұйымының 2026 жылғы Жаһандық зейнетақы индексінде 55 елдің ішінде 29-орынға ие болды. Қазақстан АҚШ, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Корея сияқты елдерден жоғары нәтиже көрсетіп, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы бойынша үздік ондыққа енді.

Аталған индексті халықаралық консалтингтік Marsh компаниясы, инвестициялық мамандар қауымдастығы CFA Institute және Австралиядағы Монаш университетінің Қаржылық зерттеулер орталығы бірлесіп жасайды.

Зейнетақы жүйелері үш негізгі бағыт бойынша бағаланады:

  • Зейнетақымен қамсыздандырудың жеткіліктілігі – зейнетақы төлемдерінің деңгейі мен жеткіліктілігі;

  • Жүйенің тұрақтылығы – зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығы;

  • Жүйенің сенімділігі – реттеу сапасы мен салымшылардың құқықтарын қорғау деңгейі.

Қазақстан 100 балдың 64,8 балын жинап, C+ бағасын алды. Еліміздің ең жоғары көрсеткіші зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы бойынша тіркелді. Бұл бағытта Қазақстан 55 елдің ішінде 8-орынға жайғасып, Канада, Финляндия, Норвегия, Ұлыбритания және АҚШ-тан жоғары нәтиже көрсетті.

Ал жүйенің сенімділігі бойынша Қазақстан A деген ең жоғары баға алып, 19-орынға ие болды.

Индекс авторларының атап өтуінше, Қазақстанның зейнетақы жүйесі әртүрлі деңгейде жалақы алатын азаматтардың табысын алмастырудың жақсы деңгейін қамтамасыз етеді әрі жұмысшылардың басым бөлігін қамтиды.

Сондай-ақ зейнетақы жүйесін реттеу мен басқару сапасы жоғары бағаланған. Сарапшылар салымшылардың құқықтарын қорғау және олардың жинақтары туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүйенің басты артықшылықтарының бірі ретінде атаған.

Есепте Қазақстанның зейнетақы жүйесінің құрылымы да сипатталған. Мемлекеттік зейнетақы төлемдері базалық зейнетақы мен 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі үшін берілетін ынтымақты зейнетақыдан тұрады.

1998 жылдан бастап жұмысшылар табысының 10 пайызын жеке зейнетақы шоттарына міндетті түрде аударып келеді. Ал 2024 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізілді. Бұл жарналардың мөлшері 2024 жылғы 1,5 пайыздан 2028 жылы 5 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғаяды.

Қазақстанның рейтингтегі көрсеткішін жақсарту үшін есеп авторлары бірнеше ұсыныс жасаған. Атап айтқанда:

  • табысы төмен қарт адамдарға көрсетілетін ең төменгі әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру;

  • үй шаруашылықтарының жинақтарын көбейтуге ынталандыру;

  • егде жастағы азаматтардың еңбек нарығында ұзағырақ жұмыс істеуіне жағдай жасау;

  • жыл сайынғы зейнетақы үзінді көшірмелерінде болашақ зейнетақы мөлшеріне қатысты болжамды көрсету.

Жаһандық зейнетақы индексінде бірінші орынды 85,8 балл жинаған Нидерланд иеленді. Екінші және үшінші орындарға Дания мен Исландия жайғасты.