Бақытжан Сағынтаев «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының жеңімпаздарын құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі Қазақстанның тауар өндірушілерінің көрмесінде болып, «Қазақстанның үздік тауары» XIII өңірлік конкурсының қорытындысы бойынша үздік атанған кәсіпкерлерді марапаттауға қатысты. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Биылғы жылы байқауға 72 компания қатысты. 9 кәсіпорын үздік атанды, енді олар республикалық деңгейде үздік атану үшін күресті жалғастыратын болады.

Конкурсқа тұтынушыға бұрыннан таныс брендтермен қатар стартаперлер де қатысып, көрмеге өнімнің үлкен ассортиментін ұсынды.


Көрмені ұйымдастырушылар биылғы жылы байқауға қатысқандар арасында өнімдердің технологиялық түрлері мен сервистік блок тауарларын ұсынушылар қатарының артқанын атап өтті.



Айта кетерлігі, алматылық кәсіпкерлер импортты алмастыратын өндірісті ойдағыдай дамытуда, тұтынушыларға бағасы қонымды сапалы тауарлар ұсынуда. Мысалы, жергілікті жасыл өнім шығарушылар нарықты кезеңмен толтырып, израильдік және голландық бұйымдарға лайықты бәсеке болуда.


Кәсіпкерлерді құттықтаған Бақытжан Сағынтаев олардың әрқайсысының Алматының индустриалды дамуына мол үлес қосып отырғандықтарын атап өтті. Мегаполистің өндіріс орындарында 45 мыңнан астам адам еңбек етеді. Күрделі экономикалық жағдайларға және жаһандық өзгерістерге қарамастан қала өнеркәсібі 5,3%-ға өсті. Тек жартыжылдықтың өзінде ғана 398,7 млрд теңгенің өнімі шығарылды.


Қала экономикасы шикізаттық емес және ғылыми әлеуеттерге негізделген. Өндірістік құрылымның үштен екісі өнім өңдеумен айналысады.


«Көптеген заттарды біз өзіміз жасай аламыз. Қаланың ІЖӨ 40%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі, салықтың 50% сіздерден түседі. Біз сіздердің кез-келген бастамаларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ұсыныстарыңызды беріңіздер, кемшіл тұстарды және проблемаларды көрсетіңіздер», - деді Алматы әкімі кәсіпкерлерге.


2019 жылдың алғашқы 5 айында өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған инвестиция көлемі 14,1 млрд теңгені құрады.

«Біз бұдан былай да еңбек өнімділігін арттырып, экспортқа және инновациялық дамуға негізделген кәсіпкерлікті дамытатын боламыз. Бүгінгі күні біз кәсіпкерлерді жаңа әрі сапалы өнімдер шығаруға, модернизация мен техникалық жарақтануға инвестиция бөлуге шақырамыз», - деді Сағынтаев.

Ол қала кәсіпкерлерінің индустрияландыру Картасы, бизнестің Жол картасы, өңірлік «Жібек жолы» бағдарламалары аясында мемлекет тарапынан қолдау көріп жатқандықтарын атап өтті. Жергілікті өнім өндірушілер мемлекеттік тапсырыспен қамтылуда.

Биылғы жылдың күзінде VII Халықаралық инновациялық және инвестициялық Almaty Invest 2019 форумы өтеді, мұнда арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық жағдайы және қолдау көрсету тетіктері талқыланады, отандық инноваторлардың жасаған өнімдері көрсетіледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік және республикалық байқау-көрмесі 2006 жылдан бастап өтіп келеді.

«Қазақстанның үздік тауары» байқау-конкурсының мақсаты:

  • - Жеке және заңды тұлғаларды отандық сапалы өнім шығаруға кеңінен тарту;
  • - Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті тауарлармен толтыруға ықпал ету;
  • - Басқарудың заманауи әдістерін құруға және енгізуге жағдай жасау, отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны қамтамасыз ету;
  • - Өндірістік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын сапа проблемасын шешуге аудару;
  • - Халық арасында сапаны барынша насихаттау.

«Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі үш номинация бойынша өтеді, олар:

  • - «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар»;
  • - «Халық тұтынатын үздік тауарлар»;
  • - «Үздік азық-түлік тауарлары».
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы