Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етудегі басымдықтары Ұйымды дамытуды көздейді – Сенатор

Сенат депутаты Андрей Лукин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттері төрағаларының III кеңесіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық етіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында Минскіде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстанның төрағалық етуіндегі басымдықтарды таныстырған болатын. Сенатор Лукин бүгінгі кеңес барысында осы басымдықтар туралы жан-жақты айтып берді.

Қазақстан БҰҰ-мен ынтымақтастықты нығайтуды және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастықты тереңдетуді жоспарлап отыр. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Қару-жарақтың заңсыз айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы күресте бірлескен күш-жігерді арттыру маңызды деп санаймыз. Жалпы, Қазақстанның төрағалық етудегі басымдықтары ҰҚШҰ-ны одан әрі қарқынды дамытуға бағытталған, - деді депутат.

Андрей Лукин сонымен қатар әріптестерін Қазақстанның төрағалық ету кезеңіндегі ҰҚШҰ-ның негізгі іс-шараларының кестесімен таныстырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы