Қазақстанның ұлттық автокөлік бренді қашан шығады
«Бәйтерек» холдингі өндіріс мерзімі мен инвестиция көлемін әлі нақтылаған жоқ.
Қазақстан өз автомобиль брендін шығаруға ниетті. Былтыр қарашада малайзиялық Proton компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, ұлттық автобренд қалыптастыру мәселесі күн тәртібіне шыққан еді. Алайда арада уақыт өтсе де, жобаның нақты мерзімі, өндіріс орны мен инвестиция көлемі белгісіз. Қазір Proton-нан бөлек, Kia және Skoda компанияларымен де келіссөз жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонда алғашқы қазақстандық автомобиль қашан конвейерден шығады? Ұлттық бренд құруға еліміздің өндірістік әлеуеті жете ме? BAQ.KZ тілшісі мәселені анықтап көрді.
Келіссөз жүріп жатыр, нақты мерзім жоқ
BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берген «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі 2025 жылғы қарашада Proton компаниясымен меморандумға қол қойылғаннан кейін бірқатар жұмыс атқарылғанын хабарлады.
Биыл наурызда делегация Малайзияға барып, Proton кешені мен Automotive High-Tech Valley автомобиль кластерінің өндірістік қуаттарымен және жеткізушілер тізбегімен танысқан. Қазір ұлттық автомобиль брендінің тұжырымдамасын талқылау жалғасып жатыр. Сонымен қатар Proton, Kia және Skoda сияқты халықаралық өндірушілермен ынтымақтастық орнату нұсқалары қарастырылуда. Алайда Proton компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру туралы нақты келісім жоқ. Бұл мәселе стратегиялық әріптес түпкілікті таңдалғаннан кейін қарастырылады, - деп жауап берді холдингтен.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленбеген. Өндіріс орны да анықталмаған. Ықтимал алаңдарды таңдағанда инфрақұрылымдық, логистикалық және экономикалық факторлар ескеріледі. Инвестиция көлемі жобаның құрылымы мен тараптардың қатысу шарттары келісілгеннен кейін белгілі болмақ.
Ал алғашқы қазақстандық автомобильдің конвейерден шығатын мерзімі жобаның негізгі параметрлері бекітіліп, дайындық кезеңі аяқталған соң айқындалады.
Өз брендімізді жасау – өндірістің табиғи кезеңі
Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, ұлттық автобренд қалыптастыру – Қазақстан автомобиль өнеркәсібі дамуының заңды жалғасы. Оның айтуынша, шетелдік көліктерді құрастырудан басталған өндіріс біртіндеп терең локализацияға, одан кейін жеке бренд жасауға ұласуы мүмкін.
Ұлттық автомобиль бренді – бұрандалы құрастыру өндірісінен өз брендіңді жасауға апаратын тікелей жол. Яғни бұл – шетелдік көліктерді құрастырудан бастап, мақтан тұтуға, дамытуға болатын және өзіндік философиясын көрсететін жеке бренд қалыптастыруға дейінгі табиғи даму кезеңі. Шетелдік көліктерге біз өз философиямызды енгізе алмаймыз. Ал автомобильді жобалаған өндіруші өзінің брендіне заманауи көлікті қалай көргісі келетіні туралы жеке көзқарасын енгізе алады, – дейді сарапшы.
Алексеев Қазақстанның ұлттық автомобиль жасауға бұған дейін де екі рет талпыныс жасағанын еске салды. Оның айтуынша, алғашқы жоба 1996 жылдары таныстырылған «Тұлпар» көлігімен байланысты. Кейін SsangYong автомобильдеріне қазақстандық брендтің белгілерін тағып, тәжірибе жасалған. «Allur Auto» жүзеге асырған бұл жобаның аясында Қостанайда шамамен 1,5 мың автомобиль шығарылғанымен, кейін өндіріс тоқтаған.
Сарапшының пікірінше, бұл сәтсіз тәжірибелер ұлттық бренд идеясынан бас тартуға себеп болмауы керек. Бірақ оның экономикаға қандай пайда әкелетіні, қанша көлік сатылатыны және өндірістің өзін қалай ақтайтыны алдын ала есептелуге тиіс.
Егер біз автомобиль өндіретін ел болғымыз келсе, кез келген жағдайда өз автокөлік брендімізге келеміз. Шетелдік көліктерді бұрандалы құрастырудан бастаған көптеген мемлекет осындай жолдан өтті. Алайда мәселе – оны қандай негізде құратынымызда және оның экономикаға қандай пайда әкелетінінде. Мұның бәрі сатылым көлеміне байланысты болады. Егер ұлттық бренд табысты болса, ол бюджетке салық түсімдерін әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашады, – дейді ол.
Қозғалтқышты өзіміз жасамаймыз
Алексей Алексеевтің айтуынша, Қазақстан автомобиль өндірісінде бастапқы құрастыру кезеңінен өтті. 2002 жылы ресейлік Lada Niva көліктерін бұрандалы құрастырудан басталған сала кейін Kia, Skoda, Chevrolet және Lada маркаларын өндіруге ұласты. Қазір Қостанайдағы «Allur Auto», «СарыарқаАвтоПром» және Алматыдағы «Sana Motors» бояу мен дәнекерлеу өндірісін жолға қойған.
Былтыр Алматыда Astana Motors-тың жаңа зауыты іске қосылып, қала ірі автомобиль кластеріне айнала бастады. Қостанайда да автомобиль өндірісінің үлкен орталығы бар. Бұған қоса, Алматыда тағы бір зауыт салынып жатыр. Оның 2028 жылы ашылуы жоспарланған.
Сарапшы ендігі міндет – автомобиль бөлшектерін Қазақстанда өндіру арқылы локализация деңгейін арттыру екенін айтады. Қазір бампер мен мультимедиа жүйелерін шығару бағыттары бар. Алдағы уақытта орындықтар, аккумуляторлар, шиналар және басқа да пластик бөлшектерді жергілікті жерде өндіру жоспарланып отыр.
Келесі кезең – өндірісті терең локализациялау, яғни автомобиль компоненттерін өз елімізде өндіру және көліктердегі қазақстандық қамту үлесін арттыру. Осы зауыттардың айналасында қосалқы бөлшектер өндіретін кәсіпорындар да дами бастады. Ал одан кейінгі саты – өз брендімізді қалыптастыру, – дейді Алексей Алексеев.
Оның пікірінше, Қазақстан қозғалтқышты нөлден бастап әзірлеуге міндетті емес. Дайын платформалар мен технологияларды пайдалану әлдеқайда тиімді. Сарапшы мысал ретінде Оңтүстік Кореяның Hyundai және Kia компанияларын келтіреді. Олар өндірісті Mitsubishi-ден лицензия алып, қозғалтқыштар мен технологияларды пайдаланудан бастаған.
Алексеев бір ғана автомобиль платформасын әзірлеуге шамамен 1 миллиард доллар немесе еуро қажет болуы мүмкін екенін айтады. Оның үстіне қозғалтқыш, беріліс қорабы, басқа агрегаттар мен бөлшектерді әзірлеу шығындары тағы бар. Сондықтан шағын нарығы бар Қазақстан үшін автомобильді толығымен нөлден жасау экономикалық жағынан тиімсіз болуы мүмкін.
Сарапшының ойынша, Қытай компанияларымен де келіссөз жүргізген жөн. Қазір Қытайда 97 автомобиль бренді бар. Солардың бірінің технологиясын пайдаланып, Қазақстанда өндіріс ұйымдастыруға болады. Дегенмен компаниялардың өз технологияларын беруге қаншалықты дайын екені – бөлек мәселе. Ал Proton-мен ықтимал әріптестіктің нақты тиімділігі туралы әзірге айтуға ерте.
Алғашқы көлік 5 миллион теңгеден арзан болуы керек пе?
Сарапшы ұлттық автобрендті халыққа қолжетімді автомобиль шығарудан бастаған дұрыс деп есептейді. Оның пікірінше, алғашқы модель қарапайым, сенімді әрі бағасы жағынан бәсекеге қабілетті болуы керек.
Алексеев мысал ретінде Үндістанның Tata компаниясын келтіреді. Компания алғашқы кезеңде бастапқы бағасы шамамен 2 мың доллар болатын шағын автомобиль шығарған. Көліктің кемшіліктері болғанымен, ол халықтың негізгі қажеттілігін өтеп, қолжетімді көлік ұсыну міндетін орындады.
Менің ойымша, біз де ең алдымен бағасы қолжетімді автомобиль шығарудан бастауымыз керек. Оның құны 5 миллион теңгеден төмен болуы қажет деп ойлаймын. Қалай болғанда да, алғашқы қадамды осындай көліктен бастағанымыз дұрыс. Қазір нарықта небәрі екі-үш автомобиль ғана бар. Сондықтан отандық бренд осы сегментке кірсе, солармен бәсекелесе алады. Мұнда бір маңызды шарт бар: Қазақстанда өндірілген автомобиль шетелден әкелінген көліктен арзанырақ болуы керек, – дейді ол.
Алайда мұндай бағаға қол жеткізу үшін тек арзан модель таңдау жеткіліксіз. Автомобильдің өзіндік құны шетелден жеткізілетін машинокомплектілерге, тасымал шығынына, негізгі агрегаттардың бағасына және жергілікті өндірістің үлесіне байланысты болады. Өндіріс көлемі артқан сайын бір автомобильге жұмсалатын шығын да азаюы мүмкін.
Алексеевтің пікірінше, Қазақстанда пластик бөлшектерді, орындықтарды, аккумуляторларды, сымдарды, мультимедиа жүйелерін, бамперлер мен сәндік қаптамаларды өндіруге мүмкіндік бар. Уақыт өте келе шанақ, рөл, салон қаптамасы, шиналар мен дискілерді де жергілікті жерде шығаруға болады. Оның есебінше, осындай бағыттар бойынша жұмыс істесе, локализация деңгейін 40–45 пайызға жеткізуге болады. Ал жалпы мақсат 50 пайызға жақындау болуы керек.
Ішкі нарық жеткілікті ме?
Дегенмен Алексей Алексеев ұлттық автобрендтің болашағына қатысты сақ көзқарасын да жасырмайды. Оның пікірінше, Қазақстан үшін басты кедергілердің бірі – сатып алушылар санының аздығы. Бұған қоса, көрші елдердің нарығына шығу да оңай емес: кейбірінің нарығы жабық, ал кейбірінде қазақстандық автомобильге сұраныс айтарлықтай болмауы мүмкін.
Отандық автомобильге бәсекелесу қиын болады. Бірақ егер ол арзан, сенімді әрі заманауи болса, табысқа жетуге мүмкіндік бар. Бізге кедергі келтіретін негізгі фактор – сатып алушылар санының аздығы. Сондықтан тек ішкі нарықтың есебінен өмір сүру мүмкін емес. Ал егер қолжетімді, сапалы әрі халықтың көңілінен шығатын автомобиль шығарсақ, оны көрші елдерге де экспорттай аламыз. Тек осындай жағдайда ғана жоба өміршең бола алады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, ұлттық автобренд – ең алдымен коммерциялық жоба. Егер инвесторлар мен өндірушілер одан экономикалық пайда көретін болса, оны іске асыруға мүдделі болады. Дегенмен жеке автомобиль шығару ел үшін мақтаныш пен патриотизмнің де белгісі екенін атап өтті.
«Әзірге жеке брендке асықпау керек»
Экономист Айбар Олжай ұлттық автобренд құру мәселесіне біршама сақ қарайды. Оның пікірінше, Қазақстан үшін дәл қазіргі кезеңде жаңа бренд қалыптастырудан бұрын, әлемдік өндірушілермен жұмыс істеп, өндірістік тәжірибе мен технологиялық құзыреттілікті арттыру маңызды.
Жеке бренд қалыптастыру мәселесіне келсек, автомобиль брендін жасау әзірге біздің негізгі мақсатымыз болған жоқ. Сондықтан біз ең алдымен әлемдік брендтермен жұмыс істеу арқылы өз құзыретіміз бен тәжірибемізді қалыптастыруды жөн көрдік. Қазақстанда өз автомобиль брендін шығаруға қатысты бір-екі талпыныс болғаны рас. Тіпті белгілі бір қадамдар да жасалды. Алайда кейін бұл жобалар жалғасын таппады, – дейді экономист.
Айбар Олжайдың айтуынша, жеке бренд құрылған күннің өзінде, автомобиль белгілі бір әлемдік өндірушінің платформасы негізінде жасалуы мүмкін. Демек, оның технологиялық негізі мен негізгі компоненттері сол компанияға тәуелді болады. Сондықтан Қазақстанда толыққанды жеке автомобиль компаниясын құрып, оның өз платформасын қалыптастыру мәселесіне ол күмәнмен қарайды.
Себебі бізге ең алдымен конвейердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Өндірістің тиімді болуы үшін белгілі бір уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, әлемдік брендтердің франшизасы негізінде жұмыс істеу тиімдірек деп ойлаймын. Өйткені олардың қалыптасқан тәжірибесі, технологиясы және өндірісті ұйымдастыру жүйесі бар, – дейді сарапшы.
Экономистің пікірінше, қазір отандық өндірісте шығарылатын автомобильдерді сатып алуды ынталандыру маңызды. Себебі автомобиль нарығында өнімнің сапасымен қатар, брендтің беделі де үлкен рөл атқарады. Әлемге танымал компаниялармен жұмыс істеу арқылы қазақстандық кәсіпорындар сол брендтердің қалыптасқан имиджін пайдалана алады.
Ал жаңа брендті нарыққа шығару үшін оны халыққа танытып, жарнамалап, тұтынушылардың сеніміне кіру керек. Бұл қосымша уақыт пен қомақты қаржыны талап етеді.
Алғашқы автомобильдің мерзімі әлі белгісіз
Осылайша, Қазақстанның ұлттық автобрендін шығару жөніндегі бастама әзірге келіссөздер мен тұжырымдаманы пысықтау кезеңінде тұр. «Бәйтерек» холдингі алғашқы автомобильдің нақты қашан шығатынын айта алмайды. Өйткені стратегиялық әріптес, өндіріс орны, инвестиция көлемі және жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әлі анықталмаған.
Алексей Алексеев ұлттық брендті автомобиль өнеркәсібі дамуының табиғи кезеңі деп санайды. Бірақ оның табысты болуы үшін қолжетімді баға, жоғары локализация және экспорттық нарық қажет. Ал Айбар Олжай әзірге жаңа бренд құруға асықпай, әлемдік өндірушілермен әріптестікті жалғастырып, өндірісті тұрақтандыруды жөн көреді.
Демек, Қазақстан үшін қазір басты мәселе – автомобильге ұлттық атау беру ғана емес, оны экономикалық жағынан тиімді, бәсекеге қабілетті өнімге айналдыру. Ал оның қашан жүзеге асатыны алдағы келіссөздер мен қабылданатын нақты шешімдерге байланысты.