Қазақстанның түзеу мекемелерінде қанша шетел азаматы жазасын өтеп жатыр
Жазасын өтеп жатқандардың басым бөлігі ТМД азаматтары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сенат отырысында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.
Қазіргі таңда Қазақстанның түзеу мекемелерінде 1085 шетел азаматы өзінің жазасын өтеп жатыр. Басым бөлігі ТМД елдерінің азаматтары. Оның ішінде Өзбекстанның - 527 азаматы, Ресейдің - 214 азаматы, сонымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінің азаматтары жазасын өтеп жүр. Біз 1998 жылғы Мәскеу конвенциясының шеңберінде ТМД мемлекеттерімен сотталған адамдарды беруге қатысты жұмысты атқарып жатырмыз, - деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Оның айтуынша, былтыр Өзбекстанмен осы бағытта екіжақты шарт ратификацияланды.
Бізде мұндай жалпы 24 келісімшарт бар. Қазақстанның түзеу мекемелерінде Вьетнам азаматтары өзінің жазасын өтеп жүрген жоқ. Біздің де азаматтарымыз Вьетнамның аумағында сотталғандардың арасында жоқ, - деді ол.