Қазақстанның туы Мадейрада желбіреді

Мадейра аралында өңір басшылығының, саяси және іскер топтарының, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салтанатты рәсімде Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Даулет Батырашев құрметті консулдықты құру Қазақстан мен Португалия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Автономиялық аймақ басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірген Елші Қазақстанның Құрметті консулы – белгілі кәсіпкер және қоғам қайраткері Жоау Бонал да Силваны таныстырып, оның қызметі ғылым, экономика, мәдениет және бірінші кезекте туризм тәрізді салаларда екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың жаңа қайнар көзі болатынына үміт білдірді. Қазақстанның мүдделерін ілгерілетуге, елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, Жоау да Силва Қазақстан Үкіметінің оған көрсеткен жоғары сенімі үшін ризашылығын білдіріп, елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ мәдени алмасуларды дамыту бойынша белсенді жұмыс істеуге дайын екендігін сендірді.

Мадейра аймақтық үкіметінің Вице-президенті Эударду Жесуш Құрметті консулдықтың ашылуын құптай отырып, оның екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Мадейрада Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуы Қазақстан мен Португалия арасындағы достық тарихындағы шешуші сәт болып, олардың өзара қарым-қатынасында жаңа тараудың басталуын білдіреді. Біз елдеріміз арасындағы ынтымақтастығымыз бен терең және нәтижелі қарым-қатынастарымыздың одан әрі дамуын асыға күтеміз, – деп атап өтті өңірлік үкімет өкілі.

Сонымен қатар, өзара тиімді қарым-қатынастарды кеңейтуге деген қызығушылық атап өтілді. Аралдың өзара әрекеттесуді одан әрі дамыту үшін кең мүмкіндіктері баяндалды.

Мадейра автономиялық аймағының маңызды экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуеті бар екенін атап өткен жөн. Өңірде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, туризм және жоғары технологиялық сала дамыған.

Ашылу салтанаты белгілі қазақ әндерін орындаумен аяқталды. Музыкалық аспектіден басқа, рәсімге қатысушылар ұлттық мәдениет пен табиғаттың алуан түрлілігін бейнелейтін іс-шара аясында ұсынылған Қазақстан туралы танымдық бейнероликті көруге шақырылды, бұл қонақтарға ел туралы тереңірек түсінік алуға мүмкіндік берді.

Сапар барысында қазақстандық дипломат өңірдің бірқатар жоғары лауазымды өкілдерімен, соның ішінде СӨП төрағасы мен Қазақстанмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесулер өткізді.

Анықтама: Мадейра – Португалиядан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 1,0 мың шақырым, Африка жағалауынан батысқа қарай 500 шақырым қашықтықта, Солтүстік Атлант мұхитындағы архипелагта орналасқан Португалияның автономиялық аймағы. Архипелаг екі аралдан тұрады, бастысы – Мадейра, кішісі Порту-Санту және шөлді, қоныстанбаған Ильяш-Десерташ аралдарының тобы. Автономиялық аймаққа оңтүстікке қарай 300 шақырым қашықтықта, Канар аралдарына жақын орналасқан Селваженш аралдары да кіреді. Аймақтың астанасы және ең үлкен қаласы – аралдың оңтүстік жағалауындағы Фуншал қаласы болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы