Қазақстанның Түркі мемлекеттерімен тауар айналымы 10 миллиард долларға жуықтады
Президент осы орайда Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы аллеясының ашылғанын ерекше атап өтті.
– Бұл аллея мызғымас бауырластығымыздың символына айналады деп сенемін. Баршаңызға мәлім, қазір әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады. Таяу Шығыстағы жағдай, әсіресе, Ормуз бұғазы төңірегіндегі текетірес күрделене түсті. Мұның бәрі жаһан елдерінің, әсіресе, шекаралас түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысына кері әсерін тигізуде. Қазақстан бір белгілі, яғни хусит деген әскери қозғалыстың бауырлас Сауд Арабиясына қарсы негізсіз шабуыл жасағанына наразылық білдірді. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату керек деген мәлімдемелерге қосыламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМҰ аясындағы экономикалық ықпалдастық айрықша рөл атқаратынына сенім артатынын айтты.
– Біздің еліміздің Ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Осы қарқынды сақтап қалу үшін әлі де бірқатар шараларды іске асыруымыз керек. Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет. Біз бұл құжаттың жобасында көрсетілген сауда, инвестиция, қаржы, өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология, білім-ғылым және басқа да салаларды дамытуға қатысты шараларды қолдаймыз. Ең бастысы, бес жылға арналған стратегияда нақты жобалар көрініс табуы керек. Сондықтан Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет. Оның әлеуеті зор. Бұл қаржылық институттың толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап берсек, жөн болар. Бұған қоса, экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндігін пайдаланған абзал. Қазақстан бұл құрылымға төрағалық еткен кезеңде бірқатар шаралар өткізіп, маңызды құжаттар әзірледі. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатымен келесі жылы Қазақстанда Іскерлік форумын өткізуді ұсынамыз. Біздің ойымызша, Ұйымымыздың аясындағы Ақсақалдар кеңесінің жұмысы да өте маңызды. Осы құрылымға қаржылай және басқа да түрлі көмегімізді көрсетуіміз қажет, – деді Президент.