"Қазақстанның тұңғыш барысы" жаңа қызметке тағайындалды

Былтыр Жетісу өңіріндегі спорт саласындағы төмен нәтижелер үшін қызметінен алынған Ұлан Рысқұлов облыстық спорт басқармасына басшы болып қайта тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өткен жылы тұңғыш Қазастан барысы өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш жазған болатын. Оны облыс әкімі Бейбіт Исабаев қабылдап, алдағы ісіне сәттілік тілеген. Алайда жұмыстан кеткенімен, өңірдегі спорттық шаралардан ұзаған жоқ.

Жетісу облысында дене шынықтыру мен спортты дамытуға осы жылы 21,8 млрд теңге қарастырылған. Былтыр – 22,4 млрд теңге бөлінген еді. Өңір көлемінде дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 1099 бірлік спорттық құрылымдар бар. Соның ішінде: 13 стадион, 3 спорт сарайы, 4 спорттық құрылымдар кешені, 42 спорт кешені, 2 шаңғы базасы, 7 атыс тирі, 17 хоккей корты, 978 жазықтық құрылым, 11 теннис корты, 1 ипподром, 18 бассейн және олардың ішінде 502 спорттық залдар мен 20 жапсарлас спорттық залдар бар, - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы міндетін атқарған Саят Сарқытов.

Айта кетейік, аталған қызметке Ұлан Рысқұлов кеткеннен кейін ешкім тағайындалған жоқ. Жазғы олимпиада ойындарына Жетісу жерінен барған 5 спортшының ешбірі жүлдегер қатарынан көрінбеді. Содан кейін облыстағы спорт саласына өзгерістер енгізу жоспарланған. Алайда бұл жұмыстар толық атқарылғаны белгісіз.

Өңірдегі спорт саласына үлкен реформа керек. Бізге бұқаралық спортты дамыту маңызды. Сонда ауыл-ауылдан мықты спортшылар шығады. Талай жас тұрғылықты жерінде спорт кешендері болмағандықтан, елді мекеннен ұзай алар емес. Осыны ескеру керек, - дейді қол күресінен спорт шебері Талас Жансықбаев.

Ақмарал Қайрат

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы