Қазақстанның тау-кен секторына канадалық бизнес қызығушылық танытып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Солтүстік Америкадағы өкілі Ғалымжан Матаев Британдық Колумбияда жұмыс сапарымен болды.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Пандемиялық шектеулерге қарамастан, 2022 жылы Британдық Колумбия үкіметі  Ванкувер қаласында канадалық тау-кен компанияларының «хабында» өткен жыл сайынғы «Ame BC Roundup» халықаралық тау-кен конференциясын «жанды форматта» өткізуге рұқсат берді.

Алғаш рет осы көрмеде Қазақстанның тау жыныстарының үлгілері көрсетілді. Канадалық «Arras Minerals (Silver Bull Resources)» юниорлық компаниясы Павлодар облысындағы Бесқауға кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде.  

Іс-шараға қатысу Канаданың тау-кен өндіру, геологиялық барлау компанияларымен, инвесторлармен, сарапшылармен және басқа да кәсіби геологиялық бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен 40-тан астам кездесу өткізуге мүмкіндік берді.

Өз сөзінде Камалдинов тау-кен саласы Канадамен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Қазақстанда «Жер қойнауы туралы» кодекс қабылданғаннан кейін және қолайлы инвестициялық ахуалдың арқасында канадалық компаниялардың Қазақстанның тау-кен саласына инвестиция салуға елеулі қызығушылығы байқалады, - делінген хабарламада.

Іс-шаралардың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бірқатар жобаларға ерекше қызығушылық танытқан канадалық әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, бастамаларды пысықтау бойынша одан әрі бірлескен қадамдар жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сонымен қатар елші Камалдинов «CERBA» Еуразия елдеріндегі канадалық компаниялардың іскерлік қауымдастығы ұйымдастырған 11-ші Халықаралық тау-кен конференциясында сөз сөйледі. Ол канадалық компанияларды Қазақстанды бизнес жүргізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған сенімді ел ретінде қарастыруға шақырып, 2021 жылы Қазақстанға канадалық инвестициялар мен екіжақты тауар айналымының статистикасы айтарлықтай өсім көрсеткенін және соңғы 9 жылда ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы