Қазақстанның сыртқы саудасының 30%-ға жуығы ЕО елдеріне тиесілі – Әсет Ерғалиев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Еуропалық Одақ елдерімен сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуды жалғастырады деп мәлімдеді Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев Брюссельде өткен "Еуропалық даму күндері" форумы барысында.
Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан үшін Еуропалық Одақпен байланыстарды одан әрі нығайту, оның ішінде жаңа геосаяси ахуал тұрғысынан нығайту аса маңызды. 2021 жылдың мәліметі бойынша Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30% - ы және 1993 жылдан бері жинақталған тікелей инвестициялардың $160 млрд-тан астамы ЕО үлесіне тиесілі, - деді Ә.Ерғалиев Орталық Азиядағы "Жаһандық қақпа" панельдік сессиясы барысында.
Сонымен қатар, Қазақстанда еуропалық капиталы бар 4,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Спикер Еуропалық комиссияға аймақтағы "байланыстың" бір бөлігі бола алатын Қазақстандағы әлеуетті транзиттік тораптарды талқылауды ұсынды. Ол 2025 жылға қарай Қазақстан бүкіл ел бойынша жаңа құрлық дәліздерін құруға қосымша 20 млрд доллар инвестиция салатынын атап өтті.
Қазақстан Орталық Азиядағы ең дамыған және тартымды көпвекторлы көлік жүйесіне ие. Біз Шығыс пен Батыс арасындағы жер үсті саудасын ықпалдастыру үшін транзиттік бағыттарымызды TEN-T (Трансеуропалық көлік желісімен) қосуға дайынбыз, - деп атап өтті ҚР СЖРА басшысы.
Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКБ) немесе "Орта дәліз" да өзекті болып табылады. Қазақстан, Грузия, Әзірбайжан және Түркия "Орта дәлізді" дамыту туралы төрт жақты мәлімдемеге қол қойғаны белгілі. Бұл келісім дәліздің бойында орналасқан елдердің ынтымақтастығын нығайтуға және транзиттік әлеуетін арттыруды көздейді.
Ақтау порты базасында "Орта дәліз" бағыты бойынша жүк ағындарын арттыру үшін жетекші әлемдік операторларды (Cosco, Maersk, CMA CGM және т.б.) тарта отырып, контейнерлік хаб құрылады. Бұдан басқа, жеткізу тізбектерін басқару үшін бірыңғай IT-шешімдерді пайдалана отырып, көлік дәлізінің цифрлық инфрақұрылымы құрылуда.
Мұның бәрі Транскаспий дәлізіне Қазақстанның негізгі тауар ағындары қалыптасқан Транссібір маршруты мен Балтық порттарына қосымша болуға, сондай - ақ Азия мен Еуропа арасындағы сауда, іскерлік және логистикалық байланыстарды кеңейту есебінен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік береді, - деп түйіндеді Ә.Ерғалиев.