Қазақстанның сыртқы қарызы көп пе?
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков еліміздің мемлекеттік қарызы қанша екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министр мемлекеттік бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.
Есепті жылы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,6 пайызы. Бюджет тапшылығы ішкі көздер есебінен қаржыландырылды, - деді Дәурен Темірбеков.
Ол Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша екенін айтты.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 22,8 пайызы (119 251,1657 млрд теңге). Оның ішінде Үкіметтің қарызы - 24,9 трлн теңге. Мемлекеттік борыштың жоғарғы шегі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін жалпы ішкі өнімге 50 пайыздан аспайтын деңгейде белгіленген. Қазіргі таңда мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлар рұқсат етілген мәндер аймағында тұр. 2024-2028 жылдарға арналған болжамдар мемлекеттік борыш лимиттен аспайтынын, жалпы ішкі өнімге 25 деңгейінде болатынын көрсетіп отыр, - делінген вице-министрдің мәліметінде.
Қазақстанның мемлекеттік қарызы былтыр қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 15,2 пайызға өсіп, 29 167, 2 млрдқа дейін жеткен. Ал 2022 жылы мемлекеттік борыш - 25.3 трлн теңге, 2021 жылы сыртқы қарыз - 20,6 триллион теңге болған.
Еске сала кетсек, кеше Ислам финансының магистрі, қаржыгер Мұрат Қылышбай "Береке банк" Ислам банкіне айнала ма деген сұраққа жауап берген еді.