Қазақстанның СПЕКА елдеріне экспорты 15%-ға артты

Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев БҰҰ Орталық Азия экономикасына арналған Арнайы бағдарламасы (СПЕКА) экономикалық форумының ашылуына, сондай-ақ 2026 жылғы 20-23 қаңтар аралығында Ашхабад қаласында (Түркіменстан) өткен СПЕКА Басқарушы кеңесінің 20-сессиясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Асан Дарбаев Түркіменстан үкіметіне, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының және БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты экономикалық және әлеуметтік комиссиясының хатшылығына іс-шараны жоғары ұйымдастыру деңгейі мен өңірлік экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы дәйекті жұмысы үшін алғыс білдірді. Ол СПЕКА өзін сауда-экономикалық интеграцияны тереңдетуге, көлік байланысын дамытуға және Орталық Азияда орнықты дамуды ілгерілетуге ықпал ететін тиімді өңірлік платформа ретінде танытқанын атап өтті. Қазақстан өз кезегінде сауда, логистика, тұрақты инфрақұрылым және инновация саласындағы бастамаларды іске асыруға белсенді қатысуға дайын.

Іс-шара барысында атап өтілгендей, Қазақстанның СПЕКА елдерімен сауда-экономикалық өзара іс-қимылы тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр. 2025 жылғы қаңтар–қарашадағы қорытынды бойынша Қазақстан мен СПЕКА елдері арасындағы тауар айналымы өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,1%-ға артып, 8,7 млрд АҚШ долларға жетті. Қазақстаннан экспорт 15%-ға, 6,7 млрд АҚШ долларына өсті. Бұл қазақстандық өндірушілердің өңірлік жеткізу тізбегіне қатысуының артуын көрсетеді.

Сөз сөйлеуде Қазақстанның сауда рәсімдерін оңайлату саласындағы ілгерілеуіне ерекше назар аударылды. 2023 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімі міндеттемесін толық көлемде орындап, осы процесті аяқтаған өңірдегі санаулы елдің біріне айналды.

Қазақстан бизнесті қолдау үшін цифрлық құралды табысты пайдалануда. Бизнестің ақпаратқа қол жеткізуін арттыру мақсатында Қазақстанда tradeinfo.kz ұлттық сауда порталы жұмыс істейді. Ол импорттың, экспорттың және транзиттің 80-нен астам рәсімі сипаттамасын қамтиды. Портал БҰҰ әлемдегі ең үздік сауда порталы деп таныған Central Asia Gateway аймақтық платформасымен біріктірілген.

Форум соңында СПЕКА шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі тереңдету өзара сауданың өсуіне ғана емес, жалпы Орталық Азия елдері экономикасының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы