Қазақстанның да өз Шевченкосы болғанын білесіз бе?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футбол әлемінде Шевченко деген есім бренд болып қалыптасқан. Атақты украиналық Андрей Шевченкомен тегі бірдей қазақстандық ойыншы жайлы не білесіздер?
Ресейде басталған карьера
Украинаның атақты футболшысы Андрей Шевчкенко 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың бас кезінде Еуропада атой салды. Дәл осы тұста Қазақстанда да Максим Шевченко деген футболшы болған еді. Тіпті, Италияның бір командасы тегіне қарап та қызыққаны бар.
Бәрін басынан бастайық. Максим 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Футболмен осында айналысқан.
Анам інім екеуімізді жалғыз өзі тәрбиеледі. Сондықтан күні-түні жұмыс істеді. Ал біз екеуіміз арнайы интернатта жатып оқыдық. Ондай интернатқа ата-анасының біреуі ғана бар балаларды қабылдайтын. Демалыс күндері анамыз үйге алып кететін. Қазір ондай интернат жоқ, - дейді Максим.
Қызық болғанда оның футболдағы карьерасы Қазақстанда емес, бірден Ресейде басталды. 1997 жылы Татарстанның Челны жағалауының "КамАЗ-Чаллы" командасы Алматы футболының 17 жастағы үш түлегін өздеріне шақырады. Олар – Максим Шевченко, Дмитрий Глушков және Константин Земцов. Глушков футболда жолы болмай, бизнеске кетті. Земцов әуелі "КамАЗ-Чаллы" командасының дублінде ойнады. Сосын Қазақстанға оралып, "ЦСКА-Қайрат", "Восток-Алтын", Екібастұз" және "Алматы" командаларында өнер көрсетті.
Осы үштіктің арасындағы ең таланттысы Максим Шевченко болатын. Ол Ресей премьер-лигасындағы алғашқы маусымда-ақ 7 матчқа қатысып үлгерді. Бар-жоғы 17 жастағы футболшы үшін жаман нәтиже емес.
17 жасқа толғанымда Қазақстанда ешкімге керек болмай қалдым. Алматының "Қайраты" немесе өзге отандық клубтардың біреуі шақырмады. Таныс арқылы Челны жағалауының "Камаз" клубына бардым. Ол кезде бұл команда Ресейдің элиталық дивизионында ойнайтын. Есімде қалғаны, алғашқы екі ай дубльдің құрамында жаттықтым. Клубты ол тұста Беньяминас Зелькявичус есімді керемет маман жаттықтыратын. Ол үнемі "Камаздың" дублінің ойындарын тамашалап жүрді. Бірде клубтың аспазына: мына жігіттті екі бойы жақсылап тамақтандырыңдар, сосын мен командама қосамын деген! Шынында да сол кезде өте арық болатынмын, - дейді футболшы өткен күндерін еске алып.
Ресейде үздік жас ойыншы атанған
Келесі маусымда негізгі құрамның ойыншысы атанып, бірінші лигада толық ойнап шықты. Максимді тіпті, бейресми түрде маусымның үздік жас ойыншысы деп таныды.
Команда бірінші лигаға түсіп қалды. Жағдай солай болды, клубта ақша жоқ. Үздік футболшылардың барлығы басқа командаларға ауысып кетті. Менің де мүмкіндігім болған, бірақ бапкерлер қалуымды өтінді: "Максим сен әлі жассың, командада қалуың керек. "Камазға" көмектес", деп айтты. Шынымен де, қолымнан келді. 1998 жылы карьерамдағы ең үздік маусымды өткіздім. Команданың көшбасшысына айналдым. Өз күшіме сене бастадым, қолымнан не келетінін түсіндім. 18 жастағы мені маусым соңында Ресей чемпионатының жас ойыншысы деп таныды. Әлі күнге дейін осы жылды ұмытқан емеспін, - дейді Шевченко.
Ол Ресей чемпионатында соққан алғашқы голын да ұмытқан емес. Бәрі есінде.
Мәскеудің "Динамо" клубымен кездескенбіз. Сырт алаңда ойнадық. Стадион толы, 25 мың жанкүйер отыр. Қарсылас сапында Ресей құрамасының жұлдыздары. Мені матчтың бітуіне 10 минут қалғанда алаңға шығарды. Әрине, 17 жастағы футболшы үшін оңай емес. Алаңға тізем дірілдеп, әзер шықтым. Дегенмен, ойынға араласқан соң, бәрін ұмытып кеттім. Толқынысымды баса білдім. Сөйтіп, алғашқы голымды да соқтым, - дейді спортшы.
Екі Шевченконың бір клубта ойнайтын мүмкіндігі болған...
Маусым аяқталған соң, оған Мәскеудің ЦСКА клубы хабарласып, дайын келісімшарт ұсынады. Алайда, әскери клубтың басшылары ол тұста алдымен жас ойыншымен ұзақмерзімді келісімшарт жасап, сосын бірінші лига клубтарына жалға беріп қоятын.
Сондықтан бұл ұсыныс ұнаған жоқ. Одан кейін Киевтің "Динамо" клубынан шақырту болды. Бұл кезде Украина клубы Чемпиондар лигасында жартылай финалға дейін жетіп, Еуропаны шулатып жатқан болатын. Бәлкім, осы тұста жас футболшы қателескен болу керек. Ол бәсекелестіктен қорқып, Киевке барудан бас тартады. Тіпті, марқұм атақты бапкер Валерий Лобановскийдің өзі Максимнің жақындарына қоңырау шалған көрінеді. Олар қарсы болмаған, бірақ Шевченко Нижнекамскінің "Нефтехимик" клубында тәжірибе жинақтауды дұрыс деп шешеді.
Үнемі өткенге өкінбеуге тырысамын. Алайда, іште бір қынжылыс қалады ғой. Ол кезде қасымда дұрыс кеңес беріп, мұндай жағдайда қандай шешім қабылдау керектігін айтатын адам болмады. Жастығым бар, қорыққаным бар, қателестім. Оны кейін түсіндім. Бапкерлердің бірі: "Макс, ондай жоғары деңгейлі клубқа баруға саған әлі ерте, тағы бір жыл бірінші лигада ойна, сосын өзім орналастырамын" деген болатын. Оның үстіне, "Динамода" кілең жұлдыздар ойнады, арасында менімен тегі бірдей Андрей Шевченко да бар, - дейді ол.
"Валенсиямен" кездескен күн
Сосын 60-70 жылдары ЦСКА сапында ойнаған шабуылшы, кейіннен "Спартакты" жаттықтырған Владимир Федотовтың шақыруымен "Черноморецтің" жейдесін киеді.
"Нефтехимикте" бір ай ойнағаннан кейін "Черноморецтің" бапкері хабарласты. Сөйтіп, "Нефтехимик" мен арқылы жақсы ақша табуды ойластырды. Ол жоспарлары жүзеге асып, Новоресейлік клубқа сатты. Ал мен қайтадан жоғары лигада ойнауды армандап жүргенмін. Көрерменге толы трибунасы бар стадионды ойнауды сағынған болатынмын. Қайтадан алаңдағы өз бақытымды табуды көздедім. "Черноморецте" Владимир Федотов секілді мықты маман жолықты. Сол кезде алғаш рет Қазақстанның олимпиадалық құрамасына шақырту алдым, - дейді футболшы.
2001 жылы УЕФА кубогының іріктеу кезеңінде "Черноморец" Рафаэль Бенитес жаттықтыратын Испанияның "Валенсия" клубымен кездесті. Ол кезде "Валенсияның" қарқыны қатты болатын. Екі жыл қатарынан Чемпиондар лигасының финалына шыққаны бар. Алдымен, 2000 жылы шешуі ойында Мадридтің "Реалынан" одан кейін Мюнхеннің "Бавариясынан" жеңілген.
Ресейдегі алғашқы ойында "Черноморецті" қолдауға "Труд" стадионына 15 мың жанкүйер жиналады. Матч 1:0 есебімен Испания командасына пайдасына шешілді. Алаң иелері сауатты қорғағанымен, болмашы гол жіберіп алады. Ал қарымта матчта "Валенсия" еш мүмкіндік қалдырмай, 3:0 есебімен ұтады.
"Черноморецтен" кейін ол қайтадан Ресей бірінші лигасында ойнауға мәжбүр болды.
Қазақстанға қайтуға мәжбүр болды
"Черноморец" жоғары лигадан түсіп қалды. Мені Саратовтың "Сокол" және Тольяттидің "Ладасы" шақырды. Екіншісі алдына үлкен мақсат қойып отыр, премьер-лигаға шығу әзір деп айтты. Сол үшін жас ойыншыларды жинап жатыр деген соң, келісім бердім. Біз жаман ойнаған жоқпыз, көшбасшылар қатарында болдық. Сосын ауыр жарақат алдым. Егер олай болмағанда, бұрынғы деңгейімде ойнар едім. Жарақатымның ауыр болғаны соншалық, футболдағы карьерамды аяқтауға да бел будым. Тіпті, жүре алмай қалдым. Үнемі ота, екпе, медициналық процедуралармен арпалыстым. Жарақаттан кейін бәрі төменге қарай құлдилай бастады. Қаржылық мәселелер туындады. Кейін жазылған соң, қайда болса да ойнау керек болды. Сол тұста Қостанайдың "Тобыл" клубынан хабарласты. Тиімді ұсыныс жасалды. Өз отанымда біреуге керек екенімді сезініп, қуанып қалдым, - дейді Максим.
Бұл 2003 жыл болатын. Осыдан кейін ол қайтып Ресейге оралған жоқ. Тек Қазақстанда ойнады. Еліміздегі "Тобыл", "Жетісу", "Шахтер", "Есіл-Богатырь", "Қайрат" және "Іле-Сәулет" командаларында өнер көрсетті. Жалпы, Ресей премьер-лигасында 41 ойынға қатысқан. Футболшы ретінде карьерасын 2010 жылы 30 жасында аяқтады. Сосын "Іле-Сәулет" командасында жаттықтырушы болды. "Қайраттың" жастар командасы мен "Рузаевка" клубтарының бас бапкері атанды. Қазір ол Новосібірдегі балалар футбол мектебінде спорттық директор болып қызмет атқарады.
Италиядан түскен ұсыныс
2000 жылы Новоресейдің "Черноморец" командасы Италияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Команда құрамында Максим де бар. Италияның "Пескара" клубымен өткен жолдастық ойында ол гол соғып, көзге түседі. Сосын Италияның "Б" сериясының командасынан ұсыныс жасалады. Оның үстіне, Апенин түбегінде ол кезде Шевченко деген фамилияның дүрілдеп тұрған шағы. Алайда, "Черноморецтің" бас бапкері Анатолий Байдачный ойыншыны жібермей қалады. Осылайша, Италияда ойнау бақытынан айырылады.
Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған
Кезінде Максимге Ресей Федерациясының азаматтығын алу туралы ұсыныс жасалады. 90-жылдары бұл тіпті оңай болатын.
Мұндай әңгіме 1999 жылы болды. Владимир Фомичев Қазақстан олимпиадалық құрамасының тізгінін ұстаған уақыт еді. Мені сол кезде Ресей жастар құрамасына шақырды. Қазақстанның олимпиадалық құрамасында ойнаудан бас тартуымды өтінді. Ол кезде Ресейдің төлқұжатын алу қиын емес. Сосын ойлануға тура келді. Жақындарыммен ақылдастым. Ең соңында өзімнің туып-өскен жерімнен артығы жоқ екенін түсіндім. Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінде ойнадым. Қазақстан құрамасынан бас тартпағаныма қуанамын, ешқандай өкінішім болған емес. Дұрыс таңдау жасадым деп санаймын, - дейді ол.
Ұлттық құрамада
Максим алдымен Қазақстанның олимпиадалық құрамасында сосын ұлттық құрамада өнер көрсетті. Ол Қазақстан Азия футбол қауымдастығында ойнаған жылдарында және УЕФА-ға өткеннен кейін де құрамаға шақырылды.
Ұлттық құрама жейдесін алғаш рет 2000 жылы 10 желтоқсанда киіп шықты. Бұл кезде Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері құрамасымен кездескен. Дебюттік голын 2001 жылы 21 сәуірде Непаль қақпасына соқты.
2000 жылғы Сидней Олимпиадасының іріктеу кезеңінде Токиодағы 60 мың көрермен жиналған стадионда Жапония қақпасына баспен соққан голы жанкүйерлердің әлі күнге дейін есінде.
Бұл гол есімде. Өз-өзіме деген сенімділік сыйлаған гол болатын. Жапония сапында жұлдыздар көп болды. Мысалы, сол матчта Италия чемпионатында өнер көрсететін Хидэтоси Наката алаңға шықты. Жолым болып, баспен гол соқтым. Әйтпесе, аласа бойлы мен сияқты ойыншылардың баспен қақпаны дәл көздеуі сирек кездеседі ғой. Жалпы, осы ойынның алдында "жапондарды жеңеміз" деген сенімділік болған еді. Бірақ оған физика жетпей қалды, 70-минутта гол жіберіп алдық. Біздің команданың құрамы жақсы болатын. Жігіттердің бәрі алдарына үлкен мақсат қойған, өздерін дәлелдегі келетін ойыншылар еді, - дейді Максим Шевченко.