Қазақстанның оңтүстігінде никабқа тыйымды бұзған ондаған адам анықталды
Полиция заң талаптарын бұзған азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шаралар қабылдады.
Жамбыл облысында жыл басынан бері бетін толық жабатын киім киюге қатысты тыйымды бұзған ондаған адам анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қазақстанда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді, соның ішінде никабты киюге заң жүзінде тыйым салынған. Осыған байланысты Жамбыл облысының полицейлері заң талаптарының сақталуын бақылау және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ауқымды рейдтер ұйымдастырды.
Тексеру барысында сауда орталықтары, базарлар, халыққа қызмет көрсету орталықтары және басқа да қоғамдық орындар қамтылып жатыр.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында аталған талаптарды бұзудың 20-ға жуық дерегі анықталды. Заң бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды, – деп мәлімдеді ведомство.