26 Қыркүйек 2026, 11:33 Фото: ҚР ҰҚК

Қазақстанның он өңірінде ҰҚТ мүшелеріне қарсы арнайы операция жүргізілді

29 адам ұсталып, заңсыз айналымнан қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, прокуратура органдарының үйлестіруімен Қазақстанның он өңірінде бір мезетте арнайы операция жүргізді.

Іс-шаралар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің заңсыз әрекеттерін, шекара маңындағы аудандардағы қылмыстық схемаларды, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі нысандарындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталды.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен 29 адам ұсталып, полицияға жеткізілді. Олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Операция барысында заңсыз айналымнан 25 дана қару, екі граната және 236 дана оқ-дәрі тәркіленді.

Анықталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

ҰҚК мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.