8 Тамыз 2026, 06:32 Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанның медициналық авиациясы жеті айда 1353 пациентті тасымалдады

Сонымен қатар есепті кезеңде мамандар 4165 қашықтан медициналық консультация өткізді.

Қазақстанның медициналық авиациясы 2026 жылдың алғашқы жеті айында 1308 санитариялық авиация ұшуын орындап, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж 1353 пациентті тасымалдады.

Сонымен қатар есепті кезеңде мамандар 4165 қашықтан медициналық консультация өткізді. Бұл өңірлік ауруханалардағы дәрігерлерге ауыр жағдайдағы пациенттерді емдеу кезінде бейінді мамандардан жедел кеңес алуға мүмкіндік берді.

Медициналық авиация Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі саналады.

Санитариялық авиация әсіресе пациентті қысқа мерзімде мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізу қажет болған жағдайда қолданылады. Қызмет шалғай елді мекендердегі тұрғындарға, ауыр жарақат алғандарға, жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерге, босануы асқынған әйелдерге және өзге де шұғыл медициналық көмекке мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

Жыл басынан бері медициналық авиация шетелге 9 санитариялық ұшу орындады. Қазақстандық мамандар Албания, Италия, Түркия, Қытай, Таиланд, Ресей және Өзбекстаннан Қазақстан азаматтарына медициналық көмек көрсетіп, оларды елге тасымалдауды ұйымдастырды.

Мамандардың айтуынша, медициналық авиацияны дамыту, пациенттерді бағыттау жүйесін жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу және өңірлермен өзара іс-қимылды күшейту жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.