Қазақстанның май өңдеу зауыттары фермерлерді қолдауға 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлді
Қазір елімізде майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындардың жылдық қуаты 5,4 млн тоннаға жеткен.
Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өндірушілерін тікелей форвардтық қаржыландыруға 200 млрд теңгеден астам қаражат бағыттаған. Мұндай қолдау егіс алқаптарын кеңейтуге, майлы дақылдар өндірісін арттыруға және отандық өңдеушілерді тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл туралы Астанада өткен KazOil 2026 халықаралық конференциясында Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (МҚӨҰҚ) стратегиялық даму жөніндегі атқарушы директоры Андрей Антонов мәлімдеді.
Қазір Қазақстанда майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындардың жылдық қуаты 5,4 млн тоннаны құрайды. Оның 4,6 млн тоннасы күнбағыс өңдеуге тиесілі. Ал 2026–2028 жылдары іске қосу жоспарланған жаңа өңдеу қуаттарының жалпы көлемі 3,6 млн тонна болса, соның 3 млн тоннасы да осы дақылға бағытталған.
Сонымен қатар 2025–2028 жылдары өсімдік майын тазарту қуаты екі еседен астам артады. Атап айтқанда, жылдық көрсеткіш 481 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін өспек.
Күнбағыс өңдеу қуаты 7 млн тоннадан асады
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының бағалауынша, 2028 жылға қарай Қазақстанда күнбағыс өңдеу қуаты жылына 7 млн тоннадан асады. Алайда ел ішінде күнбағыс өндірісі артқанның өзінде бұл қуаттардың жүктемесі шамамен 50 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. Бұл есепке басқа майлы дақылдарды өңдеу көлемі кірмеген.
Әсіресе солтүстік өңірлерде – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында күнбағыс өңдеу қуаты айтарлықтай артады. Қауымдастық есебінше, аталған облыстардағы жиынтық өңдеу қуаты күнбағыстың болжамды жалпы түсімінен 1,4 есе жоғары болады.
«Солтүстік өңірде жаңа өңдеу қуаттарының іске қосылуы шикізат үшін бәсекені күшейтіп, сатып алу көлемін арттырады. Бұл өз кезегінде егіс алқаптарын кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді», – деді Андрей Антонов.
Қазірдің өзінде шикізат тапшылығы, сондай-ақ май мен күнжараны экспорттауда логистикалық кедергілердің болмауы Қазақстандағы сатып алу бағасын өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда жоғары деңгейде ұстап отыр.
ҚҚС-ты қоса есептегенде, зауытқа жеткізу шартымен (DAP) күнбағыс тұқымының бір тоннасы Қазақстанда 170–195 мың теңгеден сатып алынады. Ал Украинада бұл көрсеткіш 140–155 мың теңге, Ресейде 115–143 мың теңге аралығында.
Күнбағыс алқабы 2,2 млн гектарға жетті
Андрей Антоновтың айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстандағы күнбағыс егісінің көлемі 130 пайызға ұлғайып, 2026 жылы 2,2 млн гектарға жеткен.
Егіс алқаптарының кеңеюіне өңдеуші кәсіпорындардың фермерлерді тікелей форвардтық қаржыландыруы да ықпал еткен. 2022–2026 жылдары осы мақсатқа 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Мұндай қаржыландыру фермерлерге егіс науқанын өткізуге, қажетті ресурстарды сатып алуға және өндірісті кеңейтуге алдын ала қаражат алуға мүмкіндік береді. Ал өңдеуші кәсіпорындар ұзақ мерзімді шикізат қорын қалыптастырады.
Қауымдастық бағалауынша, Қазақстанда күнбағыс егілетін алқаптарды 4 млн гектарға дейін ұлғайтуға әлеует бар. Бұл ретте дақылдың ауыспалы егістегі үлесі шамамен 17 пайыз болуы мүмкін.
Ал тыңайтқыш қолдану және күнбағыстың ауыспалы егістегі үлесін 22–25 пайызға дейін арттыруды көздейтін интенсивті егіншілік үлгісі енгізілсе, егіс алқаптары 6 млн гектарға дейін жетуі ықтимал.
Қазақстан өсімдік майы экспорты бойынша әлемде алтыншы орында
Өндірісті кеңейтуге қосымша серпін беріп отырған фактордың бірі – сыртқы нарықтағы сұраныс. МҚӨҰҚ бағалауынша, Қазақстан өнімдері бәсекеге қабілетті нарықтардағы өсімдік майы, күнжара және сығымдалған күнжара импортының жиынтық көлемі қазіргі маусымда 47 млн тоннадан асады.
Бұл нарықтардағы Қазақстанның үлесі 5 пайызға да жетпейді. Қауымдастық мұны экспортты одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін көрсететін маңызды көрсеткіш деп санайды.
2025/26 маркетингтік жылы Қазақстан өсімдік майы, күнжара және сығымдалған күнжара экспортын 37 пайызға арттырып, 1,82 млн тоннаға жеткізген. Экспорттан түскен табыс 1,23 млрд долларды құрады.
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемде алтыншы орынға шықты.
Сала дамуының жол картасына сәйкес, МҚӨҰҚ 2028 жылға қарай май-тоңмай өнімдерінің экспортынан түсетін валюталық кірісті 60 пайызға арттырып, 1,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Ал ұзақ мерзімді мақсат – экспорт көлемін 2 млрд долларға дейін ұлғайтып, май-тоңмай өнімдерін экспорттайтын әлемдегі үздік үш елдің қатарына кіру.