Қазақстанның кинопрокат нарығына бірыңғай ережелер енгізілуі мүмкін
Бұл шара нарық қатысушыларының фильм контентіне тең қол жеткізуіне жол ашады.
Қазақстандағы кинопрокат қызметтері нарығының көлемі 2024 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін 76,2 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің нарыққа жүргізген талдауында айтылған.
Зерттеу 60-тан астам нарық қатысушысының қызметін қамтыған. Агенттік талдау барысында кинопрокат саласындағы бәсекелестікті шектейтін бірқатар жүйелі мәселелерді анықтаған.
БҚДА мәліметінше, нарықта шоғырлану деңгейі жоғары. Нарықтағы ең ірі қатысушы – Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі, одан кейін Chaplin Cinemas келеді. Кейбір өңірлерде кинопрокат қызметін бір немесе екі ғана компания көрсетеді. Агенттік анықтаған негізгі мәселелердің бірі – кинотеатрлар мен фильм дистрибьюторлары арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай тәртібінің болмауы. Фильмдерді көрсету құқығын беру талаптарының әртүрлі болуы кинотеатрлардың репертуар қалыптастыруына және көрермендердің жаңа фильмдерге қол жеткізуіне әсер етеді.
Осыған байланысты БҚДА кинопрокат қызметін жүзеге асырудың бірыңғай қағидаларын әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасындағы үлгілік шартты бекіту және нарықты мониторингтеу тетіктерін жетілдіру ұсынылды.
Агенттіктің пікірінше, бұл шаралар нарық қатысушыларының фильм контентіне тең қол жеткізуіне және кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы келісімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.