Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы күшейіп келеді
Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасында елдің экономикалық жағдайына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халықаралық рейтингтер мен инвестициялар
Айтуынша, халықаралық рейтинг агенттіктері 2025 жылы Қазақстанның экономикалық жағдайына оң баға берген.
Маусым-шілде айларында Fitch Ratings еліміздің несие рейтингін қайта қарап, Қазақстанның егеменді ұзақмерзімді кредит рейтингін BBB деңгейінде тұрақты болжаммен растады. Fitch сарапшылары Қазақстанның ішкі жалпы өнімге шаққанда мемлекеттік қарызы төмен, ал сыртқы резервтері берік деп атап өтті. S&P агенттігі болса, тамыз айында Қазақстанға қатысты болжамын одан әрі жақсартты. 2025 жылғы 23 тамызда S&P Қазақстанның егемендік кредит рейтингінің болжамын “Тұрақтыдан” “Позитивтіге” көтерді, ал рейтингтің өзін BBB- деңгейінде растады, - деп түсіндірді сарапшы.
Айта кетерлігі, позитивті болжам дегеніміз – алдағы 1–2 жылда елдің рейтингісі көтерілуі мүмкін деген сөз. S&P сарапшылары Қазақстан экономикасын әртараптандыру және нарықты либерализациялау бағытында қол жеткізілген ілгерілеуді, мемлекеттік басқаруды жақсарту шараларын және бюджет тапшылығын азайту қадамдарын оң бағалаған. Moody’s агенттігі 2025 жылы Қазақстан бойынша рейтингтік іс-қимыл жасамағанымен, елдің бұрыннан Baa2 деңгейіндегі (BBB баламасы) рейтингі тұрақты болжаммен сақталуда.
Демек, Қазақстанның үш ірі агенттік бойынша да рейтингі инвестициялық санатта тұр. ТМД бойынша инвестициялық рейтинг бізде ғана бар. 2025 жылы Қазақстанға келген тікелей шетел инвестицияларының ағыны да жаман болған жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша шамамен 25 миллиард доллар көлемінде жаңа тікелей инвестициялар тартылды. Нақты деректері келесі жылы жарияланады. Инвестициялық климатты жақсарту үшін билік салықтық жеңілдіктер, инвесторларға қызмет көрсету орталықтары, заң үстемдігін нығайту бағытында жұмыстар атқаруда, - деп түсіндірді ол.
Мәселен, биыл “Инвестициялар туралы” заңға енгізілген өзгерістер аясында стратегиялық инвесторларға тұрақты шарттар кепілдігі беріліп, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген. Осындай шаралар мен қолайлы макроэкономикалық көрсеткіштер нәтижесінде Қазақстанның ғаламдық беделі де өсіп келеді.
Жыл бойы еліміз бірнеше беделді рейтингтерде позициясын жақсартты. Мысалы, Дүниежүзілік банктің "Бизнесті жүргізу жеңілдігі" индикаторлары бойынша реформалар жүзеге асып, Moody’s банктік сектор бойынша болжамын «позитивтіге» жақындатқанын айтып кету керек, - деді сарапшы.
Экономикалық нәтиже мен қаржылық тұрақтылық
Қорыта айтқанда, 2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін өте нәтижелі жыл болды.
Жоғары экономикалық өсім және барлық негізгі салалардың дамуы халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берді. Халықаралық резервтердің рекордтық деңгейге көтерілуі макроқаржылық тұрақтылықтың берік негізін қалауға сеп болды. Ұлттық қордың кірістері өсіп, инвестдоходтың мол болуы бюджеттің әлеуметтік шығындарын қамтамасыз етуге жағдай жасады. Салық түсімдерінің өсуі мемлекеттік қазынаға қосымша ресурстар беріп, көптеген әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға жол ашты, - дейді Айбар Олжай.
Ал сыртқы қарыздың өскеніне қарамастан, оның құрылымы мен көлемі қатаң бақыланып, жалпы экономикалық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге жол берілген жоқ.
Оптимизм мен басты сын
Сарапшының пайымдауынша, Қазақстанның ел ретінде перспективасы өте күшті.
Бізде кері кетіп жатқан, деградацияға ұшыраған сала жоқ. Барлығы ақырындап жан-жақтан дамып келеді. Халық саны өсуде, резервтік қорларымыз көбеюде, жаңа үйлер мен жаңа жолдар салынуда. Қай жерде де әйтеуір бір движениелер болып жатыр. Тоқтап қалған, мүлгіп қалған нәрсе жоқ ағайын. Сосын қирап жатқан нәрсе жоқ. Бәрі жаңарып, салынып жатыр. Мен көптеген елде болғанмын, жағдайларын сараптап, көріп, бақылап жүрмін. Көп елдермен салыстырғанда Қазақстан өте жайлы және болашағы айқын көрініп тұрған мемлекет, - деп ағынан жарылды экономист.