21 Қазан 2026, 08:32 Фото: Polisia.kz

Қазақстанның ІІМ басшысы Венада өткен БҰҰ конференциясына қатысты

Кездесулерде киберқылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, көші-қон, құқық бұзушылықтардың алдын алу және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.

Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденов Венада өткен БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының 13-сессиясына қатысты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

130-дан астам елдің өкілдері бас қосқан форумда ұйымдасқан қылмысқа, есірткі трафигіне, адам саудасына және киберқауіптерге қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Сапар аясында Ержан Саденов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Есірткі және қылмыс жөніндегі басқарманың атқарушы директоры Моника Джума және Аустрияның Ішкі істер министрі Герхард Карнермен кездесті.

Кездесулерде киберқылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, көші-қон, құқық бұзушылықтардың алдын алу және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды. Сондай-ақ қараша айында Астанада өтетін киберқылмысқа қарсы халықаралық конференцияға дайындық талқыланды.