Қазақстанның ІІМ басшысы корейлік әріптестерімен кездесті
Корея Республикасына жұмыс сапары барысында ІІМ басшысы Ержан Саденов бастаған Қазақстан делегациясы Кореяның бірқатар мемлекеттік органдарының жетекшілерімен іскерлік кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
19 қазанда билеуші партияның бас хатшысы Ли Чюль Гю мырзамен және корейлік ұлттық полиция агенттігінің бас комиссары Юн Хи Кынмен кездесулер өтті.
Сонымен қатар қазақстандық делегация дүниежүзілік полиция көрмесіне барып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын соңғы жобалармен танысты.
20 қазанда Ішкі істер және қауіпсіздік министрі Ли Санг Минмен кездесу өтті. Барлық келіссөздерде қазақстандық тарап көші-қон және қылмысқа қарсы күрес саласында екіжақты ынтымақтастық орнату мәселесін көтерді.
Сондай-ақ біздің еліміздің делегациясы Кореяның көші-қон қызметінің комиссарымен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық шарттар жасасу бойынша жеке келіссөз жүргізді.
Кездесулердің қорытындысына сәйкес тараптар жоғарыда аталған бағыттар бойынша өзара тиімді әріптестік орнату туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.
Сапар аясында Шинхан университетінің ректоры Канг Сонг Джонг мырзамен де кездесу өтті.
Онда қазақстандық полиция академияларының корей тарапымен кадрлар даярлауы, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруы, лекторлардың өзара сапарларын ұйымдастыруы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.