Қазақстанның Халық күйшісі, белгілі сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы дүниеден озды
Қазақ күй өнерінің тау тұлғасы, дүлдүл сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы 93 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаралы хабармен марқұмның шәкірті, профессор Талғат Мұқышев Facebook-тегі парақшасында бөлісіп, жазба жариялады.
Кәлек Құмақайұлы 1930 жылы 20 мамырда дүниеге келген.
Әкесі Кұмақай да, Өтеміс, Делдал және тағы басқа арғы аталары да елге сыбызғышы ретінде мәлім болған. Мәселен, әкесі Құмақай Шамғынұлы 1944 жылы Алтай қазақтарының көтерілісіне қатысып, Оспан батырды қолдауға Моңғолиядан әскер қатарында барады. Осы соғыста жүргенде ел-жұртын аңсап «Сағыныш» деген күй шығарады. Оспан батырдың ұйымдастыруымен өткен бір алқалы жиында Құрыш деген атақты сыбызғышымен күй сайысына түсіп, жеңіп шығады. Баян Өлгий аймағының Тұлба ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітірген бозбала Кәлек ел арасындағы той-томалақтарда сыбызғы тартып, елге кең таныла бастайды.
1958 жылы жанадан ашылған аймақтық музыкалық драма театрына шақырылып, халық аспаптар оркестріне сыбызғышы болып орналасқан. Осы ұжымда қызмет атқара жүріп музыкалық білімін жетілдіре түседі.
1960 жылы Баян Өлгий аймағының 20, театрдың 10 жылдығына арналған өнер байқауларында өнер көрсетіп үлкен сахна төрінде халық қошеметіне бөленген. Аймақтың танымал өнерпазына айналған Кәлек Монғолияның он сегіз аймағында, 1965 жылы Тува АССР-інде, 1967 жылы Таулы Алтайда, 1974 жылы Қырғызстан, Польша, Германия, Чехия және Мәскеу сахналарында өнер көрсетеді. 1967 жылы Таулы Алтайда зерттеуші ғалым Б.Сарыбаевпен кездесіп, үнтаспаға сыбызғы күйлерін жазып береді. Еліміздің сол кездегі астанасы Алматыға келіп, музыка фестивальдеріне қатысады.
Соңғы жылдары ШҚО-ның Зайсан ауылында тұрған Құмақайұлы - Баян Өлгийдегі сыбызғы дәстүрінің бірегей мұрагері. Қазақ еліне жүзге тарта сыбызғы күйлерін жеткізіп, еліміздің мәдени қорына өзінің мол мұрасын косып отыр.
Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.