Қазақстанның Еңбек Ері Әбдірашит Доспановқа пәтер кілті табысталды
Жезқазғанда Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы, еліміздегі ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа үш бөлмелі пәтердің кілтін берді.
Пәтер кілтін металлургке «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның бас операциялық директоры, Kazakhmys Smelting бас директоры Жәнібек Байғабелов табыс етті.
Пәтер беру – Әбдірашит Доспановтың көп жылғы адал еңбегіне, жоғары кәсіби шеберлігіне және мамандығына деген адалдығына көрсетілген құрмет. Оның отандық металлургия саласын дамытуға қосқан үлесін компания акционері Нұрлан Артықбаев пен «Қазақмыс» корпорациясы басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі жоғары бағалады.
Әбдірашит Қойшыбекұлы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірге айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерімен марапатталған. Сонымен қатар ол үш дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің толық кавалері.
Металлургтің жалпы еңбек өтілі шамамен 42 жылды құрайды. Оның 40 жылдан астам уақыты Жезқазған мыс балқыту зауытындағы еңбек жолымен байланысты. Ол 1985 жылдан бері осы кәсіпорында жұмыс істеп, жинақтаған кәсіби тәжірибесін жас мамандарға үйретумен қатар өндірістің озық дәстүрін жалғастырып келеді.
Оның өмірбаянында отбасылық еңбек әулетінің тарихы ерекше орын алады. Бірнеше буын өкілдерінің еңбек өтілінің жиынтығы 400 жылға жуықтайды. Әбдірашит Қойшыбекұлының ізін інілері жалғап, бүгінде зауытта еңбек етіп жүр.
Салтанатты шараға Еңбек Ері әріптестерімен бірге түнгі ауысымнан кейін келді. Ауысым барысында тазартылмаған мыс өндіру жоспары толық орындалды. Бұл оның мамандығына деген адалдығы мен ұжым алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Әбдірашит Доспановтың еңбек жолы – өз ісіне адалдықтың, ұрпақ сабақтастығы мен жоғары кәсіби шеберліктің озық үлгісі.
«Қазақмыс» компаниясында компания мен Қазақстан өнеркәсібінің дамуына ондаған жыл бойы үлес қосып келе жатқан еңбек адамдарының еңбегін лайықты бағалауға ерекше мән беріледі. Өндірістік дәстүрді сақтап, жинақтаған тәжірибесін жас ұрпаққа аманат етіп жүрген мамандардың еңбегін құрметтеу – компанияның маңызды басымдығының бірі.